Биыл Балықты ауылындағы 254 абонентті таза ауыз сумен қамту жоспарлануда

Бұл мәселе соңғы жылдары аталған округтегі өзекті мәселелердің бірі болатын. Аудан әкімінің есептік кездесуінде көтеріліп келген ауыз су проблемасы биыл шешімін таппақ.
Атап айтқанда, округ орталығындағы Сыпатай батыр, Құрманғазы, Болашақ көшелеріне жаңа су құбыры тартылып, 400 куб текше метрге есептелген қосымша су сақтау орны соғылуда. Ол жерде қосымша мұнара орнатылып ауыз су жетіспеушілігін толық шешуге ықпал етпек.
Аудан әкімі Нұрлан Байғұт тиісті сала мамандарымен бірге Балықты ауылында болып, аталған құрылыс жұмыстардың сапасын бақылап қайтты. Аралау барысында жауапты бөлім басшысына жұмысты сапалы болуын және мерзімінен кешікпеуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Аталған бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылдың соңында аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.



