БастыЖаңалықтар

Елімізде мұғалімдердің жалақысы өседі

Қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өседі, – деп хабарлайды degeneken.kz тілшісі.

Бұл туралы оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады. Министр мұғалімдерді Ұстаздар күнімен құттықтады.

«Ұстаз – ол тек мамандық қана емес, сонымен бірге арнайы ағартушылық миссия. Сіздер күн сайын балаларды білім нәрімен сусындатып, олардың дарындарын ашуға, дұрыс құндылықтарды бойларына сіңіруге көмектесесіздер. Бүгінгі күні еліміздегі білім беру жүйесі – 500 мыңға жуық ұстазымыз еңбек ететін үлкен сала. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент болып сайланғаннан кейін бірден мұғалімдер корпусын қолдау үшін барлық шараны қабылдауды тапсырды. Осылайша 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдерді шамадан тыс есеп беруден, міндетіне жатпайтын функциялардан босатуға жағдай жасалды. Біліктілік санаты, магистратура, сынып жетекшілігі, дәптер тексергені және т.б. үшін әр түрлі қосымша төлемдер енгізіліп, олардың көлемі ұлғайтылды», – деді министр.

Сонымен қатар, Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының шешімдері арқасында мұғалімдердің жалақысы бірнеше жылдан бері жыл сайын 25 пайызға көтеріліп кел жатқанын еске салды.

«Қыркүйек айынан бастап ел мектептерінің басым көпшілігі бес күндік оқу аптасына ауысты. Сондықтан осы мектептердің мұғалімдеріне сенбіні қосымша демалыс күні ретінде беруді жөн көрдік. Енді өздеріңізге және жақындарыңызға көбірек көңіл бөле аласыздар. Келесі жылы қаңтар айынан бастап мектеп, колледж және қосымша білім беру ұйымдарындағы барлық педагогтің жалақысы тағы 25 пайызға өседі. Сондай-ақ келесі жылы ел Президентінің тапсырмасы бойынша балабақшалардағы барлық тәрбиешінің жалақысы өседі», – деді министр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button