Түркістан облысында Республика күніне орай «Қоқыссыз табиғат» экоакциясы өтті

Ауқымды акцияға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері де белсене атсалысты. Орталықтың басшысы Ерасыл Төлебаевтың айтуынша, бүгінгі акцияға өңірдегі үш мыңнан аса ерікті жас қатысқан.
– Тазалықтан тән де, жан да тазарады. Өңірімізде туған жердің тазалығына бейжай қарамайтын азаматтардың қатары артып келе жатқаны қуантады. Экологиялық акция барысында жастар туристік нысандарға барар жолдар мен саябақтарға санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Жалпы, Түркістан облысының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында игілікті істер жүзеге асуда. Мәселен, облыс орталығында 7700 га жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, бүгінгі таңда барлығы 13 629 га жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Алдағы уақытта «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу көзделуде. Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің маңызды көрсеткішінің бірі екенін ескерсек, сенбілікте ғана емес, әр күні айналымызды таза ұстауға атсалысайық, – дейді ол.



