Елорданың бір ауданы жартылай жарықсыз қалды

Астанада Байқоңыр ауданы жартылай жарықсыз қалды, – деп хабарлайды degeneken.kz тілшісі.
Уәлиханов көшесі бойында, Артем базары ауданында, сондай-ақ Республика даңғылының бір бөлігінде жарық жоқ.
“Ақмола облыстық электр желісін тарату компаниясының балансындағы “Астана” 110/10кВ қосалқы станциясында ақау орын алды. Оқиға орнында жұмысшылар жағдайды анықтап, реттеп жатыр”, – деп мәлімдеді “Астана-АЭК” АҚ баспасөз қызметі.
Апаттық жағдайда электр жарығының сөнуі сағат 20:14-те орын алғаны нақтыланады. Апатты жою бригадалары қосалқы стансаны сол жақ тізбекке қосты.
“Сағат 21:13-те Астана қосалқы станциясы және ЧЛЗ қосалқы станциясы бойынша шектеулер алынды. Қосалқы станциялар ЖЭО-2-Астана ӘЖ – 110 кВ-тан қуат алады”, – деп атап өтті компаниядағылар.
Айта кетсек, 13 ақпанда Қазақстанның алты облысында апатты жағдайға байланысты электр сөндірілді.
Энергетика министрлігі аталған жағдайға түсініктеме берді.



