Қоғам

«AMANAT» ПАРТИЯСЫ КРУГЛООЗЕРНОЕ КЕНТІНЕ ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІН САЛУ ҰСЫНЫСЫН ҚОЛДАЙДЫ

«AMANAT» саяси ұйымының сайлауалды партиялық тізімі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына БҚО-дан ұсынылған кандидат Снежанна Имашева және облыстық мәслихатқа үміткер Нұрлан Серғалиев, штаб өкілі Бауыржан Мұхамбетжанов Круглоозерное кентінің тұрғындарымен кездесті.
Жұртшылық кандидаттарға қоғамдық мәселелер жөнінде уәжін жеткізді. Соның ішінде алдымен кентке мәдениет үйін салуды ұсынды.


– Круглоозерное кентіне көшіп келушілер қатары жылдан жылға артып келеді. Бұл жақсы, әрине. Әйткенмен жаңа әлеуметтік нысандар қажеттілігі туындап жатыр. Кентке жаңа мәдениет үйі қажет. Жай ғана мәдениет үйі емес, балалардың шығармашылық-интелектуалдық қабілетін шыңдайтын үйірмелері бар нысан керек, – дейді ұстаздар.
Кандидат Нұрлан Серғалиев бұл мәселені партия бақылауға алғанын атап өтті.


– Кентке жаңа мәдениет үйі қажет екенін жақсы білеміз. Құрылыс жұмыстарын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында жүзеге асыру қарастырылған, – деді ол.
Тұрғындар балабақшаларда орын тапшылығы барына да тоқталды. Снежанна Имашева партияның сайлауалды бесжылдық бағдарламасы шеңберінде облыста бөбекжайларды көбейту жоспарланғанын жеткізді. 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйыммен 84,3 пайыз, ал 3-6 жас аралығын 100 пайызға қамту міндеті қойылған.
Үміткерлер кейін Серебряков ауылына ат басын тіреді. Бұл жерде де тұрғындар өз ұсыныстарын білдірді. Мемлекеттік балабақша күзетшісі өз қызметін бұрынғыдай бюджеттік штатқа қосуын сұрады.
– Бұрын күзет қызметі бюжеттік штат болған кезде жалақымыз 80 мыңдай болған еді. Демалыс күнгі жұмыс үшін үстемақы қосылатын. Мерекелерде сыйақы да төленетін еді. Ал қазір бұл қызмет түрі жеке компаниялардың иелігіне берілді. Ол компаниялар біздің жалақымызды төмендетіп жіберді. Небәрі 60 мың теңгедей аламыз. Ал сыйақы деген атымен жоқ. Еңбек демалысы да қарастырылмаған, – дейді күзетші.
– Күзет қызметін жеке компаниялардан кері қайтару жоспарда жоқ. Ал жалақыға келетін болсақ, елімізде ең төменгі еңбекақы мөлшері артады. Сәйкесінше сіздің жалақыңызға да оң әсерін береді, – деп жауап берді Снежанна Имашева.
Кейін ауылдық жерлерде медициналық қызмет сапасын арттыру және жас мамандарды тарту жайы сөз болды. Кандидаттар бұл бағытта іргелі істер күтіп тұрғанын тілге тиек етті. Ұлттық жоба аясында ауылдарда 50 жаңа медициналық нысан салынып, 44 нысан күрделі жөндеуден өткізіледі. Жыл сайын кемінде 50 маман жұмыспен қамтылмақ.
Партияның сайлауалды бағдарламасын жан-жақты түсіндірген кандидаттар тұрғындарды сайлауда «AMANAT» партиясына дауыс беруге шақырды.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған “AMANAT” партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button