Қоғам

Ақтөбе облысында 105 мың жұмыс орны ашылады

«АМАNАТ» партиясының партиялық тізімі бойынша Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттығына үміткерлер Сергей Вишняк, Күлпаршын Айдарханова және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына, қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлер «Глобал» ЖШС ұжымымен кездесті.

Кәсіпорын жұмысшылары алдында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы туралы әңгімелеген Сергей Вишняк ақтөбеліктерді жұмыс орындарын ашу үшін партияның қандай шараларды қолға алатынына кеңінен тоқталды.

– Сапалы жұмыс орындарын құру – партияның басым бағыты, әр адам өз отбасын асырау үшін лайықты табыс табуы керек. Осы мақсатта партия жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту және жұмыс орындарын құру үшін жыл сайын кемінде 300 кәсіпкерлік субъектісіне қаржылай қолдау көрсетеді. Сондай-ақ жыл сайын кемінде 22 мың адамды бос жұмыс орындарына орналастыруға жәрдемдесеміз және білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілердің жұмыс орнында кемінде 3,5 мың жұмыссызды кәсіптік оқытудан өткіземіз, – деді үміткер.

Қабылданған шаралар орташа жалақыны 264,2 мың теңгеден 320 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жұмыспен қамту мүмкіндіктерін арттыру арқылы 105 000 жаңа жұмыс орны құрылады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 100 мыңға, ал шағын және орта бизнес субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 192 мың адамға дейін артады.

Күлпаршын Айдарханова сайлауалды бағдарламада жастардың мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектесетін шаралар бар екенін айтты.

— Жастарды қолдау үшін «АМАNАТ» партиясы мен «Жастар рухы» жастар қанаты жастарды жұмыспен қамту және баспана мәселесін қолға алды. Біз жыл сайын кемінде 8 мың жасты жұмысқа орналастыруға көмектесеміз. «Жасыл ел» жобасы аясында жастарды уақытша жұмыспен қамту шаралары жүргізіледі және жыл сайын 1500-ге жуық жас жобаға қатыса алады, – деді ол.

Кездесу барысында сайлаушылар үміткерлерге сауалдарын қойып, партияның сайлауалды бағдарламасын толық қолдайтындықтарын жеткізді.

— Партияның сайлауалды бағдарламасында ең өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары қамтылған. Сол үшін сіздердің әрбір дауысыңыз маңызды. «АМАNАТ» партиясына дауыс беріңіздер. Нар тәуекел!, — деді Сергей Вишняк.

Ақтөбе облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы сайлау қорының қаражатынан төленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button