Қоғам

«AMANAT»: ХАЛЫҚТЫҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ ҚАДАҒАЛАНАДЫ

«AMANAT» саяси ұйымының БҚО-дағы сайлауалды штабы жетекшісі Мұрат Мұқаев және партиялық тізім бойынша ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттығына ұсынылған кандидат Ербол Салықов облыстық Кәсіподақтар орталығының өкілдерімен кездесті.

Штаб мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасы шеңберінде аймақта жыл сайын мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашу көзделгенін айтты. Ал жұмыс орны көбейген сайын кәсіподақ ұйымдарының да жұмыс аясы кеңейе түсері анық.

–  Партия өңірде жыл сайын кемінде 14 мың жұмыс орнын ашуға ықпал етеді. 52 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Мыңнан астам адамға оқу орнында немесе өндіріс орнында кәсіби білім береміз. Бес жыл ішінде 60 мыңдай жұмыс орнын ашсақ, соның кемінде тең жартысы тұрақты болады. Жұмыс орындарында әрбір адамның еңбек құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш саламыз. Ал бұл тұста сіздермен, яғни, кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе атқаруымыз керек,  – деді кандидат Ербол Салықов.

Саяси ұйым алдағы уақытта бірқатар сала қызметкерлерінің жалақысын еселеуді жоспарлап отыр.

– «AMANAT» партиясы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заңның қабылдануына тікелей ықпал етті. Мұғалімдердің жалақысы жылдан жылға артып келеді. Партия енді дәрігерлердің мәртебесін арттыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар кітапхана, мұражай, архив сияқты сала мамандарының да жалақысын арттыру міндеті тұр, – деді штаб жетекшісі Мұрат Мұқаев.

Жиынға қатысушылар партияға өз ұсыныстарын білдірді. «Тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ұйымының облыстық филиал төрағасы Ғарапша Сахипов бірқатар тендер аясын тарылтуды сұрады.

– Ауылдық жерлердің жолын тазалау, көше жолдарын салу және т.б. жергілікті деңгейде қызмет көрсету бойынша тендерлерді айшылық алыс жерлердегі ұйымдар ұтып алып, міндетін дұрыс орындамайды. Сондықтан мұндай тендерлер аясын тарылту қажет деп ойлаймын. Ауылдағы халық санына қарай тендер аясы тарылса, жергілікті тұрғындарға да, жергілікті кәсіпкерлерге де қолайлы болады. Жұрт сапалы қызмет алады, ал кәсіпкер мол табыс табады,  – дейді ол.

– Партияның сайлауалды бағдарламасы кабинеттерде құрастырылған жоқ. Қоғамдық қабылдаулар кезінде, ауылдарды аралау кезінде осындай ұсыныс-тілектер түсіп жатады. Солардың жиынтығы ретінде бесжылдық бағдарлама әзірленіп отыр. Сайлауда партия жеңіске жетсе, сіздермен бірге осы және өзге де мәселерді шешуге күш саламыз, – деп түйіндеді штаб жетекшісі.

Кездесу соңында кәсіподақ ұйымдарының өкілдері «AMANAT» партиясына сенім артатынын білдіріп, саяси додада сәттілік тіледі.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған “AMANAT” партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button