«AMANAT» ПАРТИЯСЫ БҚО-ДА ЦИФРЛАНДЫРУ САЛАСЫН ДАМЫТУҒА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ
«AMANAT» саяси ұйымының БҚО-дағы сайлауалды штабы жетекшісі Мұрат Мұқаев және партиялық тізім бойынша ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттығына ұсынылған кандидат Снежанна Имашева, облыстық мәслихатқа кандидат Архат Исламғалиев «Азаматтарға арналған үкімет» МК» АҚ БҚО филиалының ұжымымен кездесті.
«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы – мемлекеттік қызметтерді көрсетудің бірыңғай жүйесі. Ол 23 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетсе, оның алтауының әрқайсысы қосымша 23 бағанға бөлінеді. Негізгі бағыттары: мемлекеттік қызмет көрсету бөлімдері; әлеуметтік қызметтерді көрсету: зейнетақыларды, жәрдемақыларды тағайындау; жер кадастры және жылжымайтын мүлікті тіркеу саласындағы қызметтер.
Батыс Қазақстан облысында 16 халыққа қызмет көрсету орталығы және 1 мамандандырылған қызмет көрсету орталығы бар. Онда соңғы 2 айда 98 мыңнан астам қызмет көрсетілсе, өз-өзіне қызмет көрсету секторы арқылы азаматтар қосымша 75 мыңнан астам қызмет алған екен.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары – азаматтармен тығыз жұмыс жасайтын ең озық құрылым. Штаб жетекшісі Мұрат Мұқаев көрсетілетін қызмет түрлерінің барынша қолжетімділігі маңызды екенін атап өтті. Орталық қызметіне жүгінген азаматтар да мұндағы қызмет сапасын оң бағалап жатыр.
«Азаматтарға арналған үкімет» МК» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Асқар Сандыбаев саяси науқанда халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты сайлау учаскесі ретінде қолданылатынын айтты. Ал мұндағы стендтердің барлығына сайлауға қатысты үгіт-насихат материалдары ілінген.
Штаб жетекшісі мен кандидат орталық қызметкерлерін саяси науқанда белсенділік танытып, «AMANAT» партиясына дауыс беруге үндеді.
– «AMANAT» партиясы халықтың табыс көлемін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жоспарын құрды. Сайлауалды бағдарламасында халықтың тұрмыс сапасы, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар құрылысы, білім, медицина, мәдениет пен спорт салаларындағы мәселелердің шешімі, барлығы да қарастырылған. Партия алдағы уақытта цифрландыру саласына да ерекше мән береді. Сандық жүйе әр саладағы қызмет сапасына оң әсерін тигізуі қажет, – дейді Мұрат Мұқаев.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған “AMANAT” партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.