Қоғам

АУЫЛ КӨРКЕЙСЕ – ЕЛ ӨРКЕНДЕЙДІ

«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы атынан ҚР Парламенті Мәжілісі мен облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттар Ақсуат ауылдық округінде болып, тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында үміткерлер партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, ауылға көңіл бөлу және оның жағдайын жақсарту – басты міндет екендігін алға тартты.

Ауыл-қазақтың алтын ұясы. Өңір экономикасын дамытуда ауылдың әлеуетін көтерудің маңызы жоғары. Аймақта аталған бағыттағы жұмыстар белсенді іске асырылуда. Мәселен, биыл Ақсуат ауылында спорт кешені бой көтеруде. Нысан құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Аталған ғимарат заманауи қондырғылармен қамтылып, спортшылардың жаттығуы үшін барлық жағдай жасалмақ. Яғни, таяуда ауыл балалары спорттың бірнеше түрімен айналыса алады. Мұнан бөлек, ауылдық округте бұған дейін үш спорт және балалар ойын алаңдары салынған.

Кездесуде облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Нұрболат Ибраев «Ауылды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын» деп, ауылдық елді мекендерді дамытуға бағытталған жобалар жөнінде пікір білдірді.
«Қазақта «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген сөз бар. Туған ауылының түлегенін бәрі қалайды. Алайда «келешегі жоқ ауыл» деген сөз жиі естілген сайын ауылда малын бағып, шаруасын дөңгелетіп отырған халықтың бойын үрей билей бастады. Әлбетте, әркім өзінің қалаған жеріне қоныстануға ерікті. Бірақ «келешегі жоқ ауыл» деп ат қойғаннан кейін халықтың көңілі орнықпайды. Әсіресе, мұндай ауылға жастар тұрақтамайды. Жастар кеткен соң, ауыл «қартайып», ойдағыдай жұмыс істеп тұрған шаруашылықтар өркендемей, құрып тынары ақиқат. Сондықтан, ауыл экономикасын нығайтып, оны дамыту біздің түпкілікті мақсатымыз. Және де ол құптарлық іс деп білемін»,- деді.

Негізі отбасылық кәсіпті бастауға қолайлы жер – ауыл. Сондай-ақ ауылда өңдеу жұмыстарын арттыруға мүмкіндік бар. Жалпы, ауыл экономикалық дамудың драйверіне айнала алады. Сондықтан батыл қадамдар жасау керек. Сол үшін азаматтардың нақты табысын арттыру, еңбек жағдайы мен жұмыс орнындағы қауіпсіздікті күшейту – біздің негізгі міндетіміз»,-деді кандидат Аида Абибуллаева.

Жиын соңында ауыл тұрғындары агроөнеркәсіпті дамыту, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөнінде сұрақтарын қойып, жауап алды.

Қызылорда облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді

Басқа жаңалықтар

Back to top button