Жаңалықтар

Түркістан: Мектеп пен жатақхана салғанға жеңілдік бар

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ бас маманы Арманай Мирасқызы мәлімдеді.

Оның айтуынша, «Қаржы орталығы» АҚ мемлекеттік тапсырыспен республика бойынша 500-ге жуық жеке мектепті қаржыландыруға қолдау көрсеткен. Түркістан облысы бойынша 100 жекеменшік мектеп болса, оның ішінде Түркістан қаласы бойынша 34 жекеменшік мектепті қаржыландырған.

«Оңтүстік өңірде мектеп тапшылығы бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін арнайы бағдарлама қабылданып, бірқатар кәсіпкерлер іске кірісіп кетті. Білім саласының дамуына үлес қосып, жайлы мектеп қалыптастыруға атсалысатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Осы орайда, ақшалай төлемдер түріндегі мемлекеттің жоғары қажеттілігі мен қолдауын ескере отырып, кәсіпкерлерге жеке мектеп салу тиімділігі зор. Кәсіпкерлер қаржы орталығы арқылы жекеменшік мектеп салып, сол мектепте оқушылардың оқығаны үшін мемлекеттен жылына 92 млн. теңге ала алады. Сондай-ақ, студенттік жатақхана үшін де мемлекеттен жылына 67 млн. теңге алуға болады. Шарттары бойынша мектеп құрылысы үшін – 1 оқушыға 8 жыл ішінде жылына 96 АЕК, ал мектепті реконструкциялау үшін – 1 оқушыға 8 жыл ішінде жылына 47 АЕК болады. Алайда жатақханаларды кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен салады. Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер құрылыс аяқталғаннан кейін және студенттердің нақты тұруы үшін ғана жүргізіледі», – деді ол.

Бұл ретте, мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер аяқталғаннан кейін нысан кәсіпкердің меншігінде қалады. Құрылыс реконструкциясы үшін төлемдер 8 жыл ішінде 9 ай бойы, ал жан басына шаққандағы нормативтер мектеп өз жұмысын тоқтатқанға дейін төленеді.

Сондай-ақ, кәсіпкер мемлекеттен төленетін төлемдерден басқа, оқу ақысын белгілеуге құқылы, ол оның кірісі есебінен жүзеге асырылады. Бірақ қазақстандық оқыту нысаны кезінде жылына 1200 АЕК-тен аспайды, халықаралық оқыту нысаны кезінде жылына 2400 АЕК-тен аспайды.

Айта кетсек, бағдарламаға қатысу үшін жерге құқық белгілейтін, сәйкестендіру құжаттарымен, заңды тұлғаның болуы туралы құжаттармен алдын ала келісімшарт жасауға өтінім беру жеткілікті. Бағдарлама туралы толық ақпаратты fincenter.kz сайтынан білуге болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button