ҚАРУЛЫ КҮШТЕР ҚАТАРЫНА ШЫМКЕНТ ЖАСТАРЫНЫҢ СОҢҒЫ ЛЕГІ АТТАНДЫ

Өз елінің патриоты болу, әскерге барып, еліне қызмет ету – әрбір жас қазақстандықтың міндеті. Осындай қағиданы ұстанған Шымкент қаласының 22 азаматы Қарулы күштер қатарына отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.
Болашақ сарбаздарды таңдау барысында денсаулығы мен алған мамандығы ескерілді. Мерзімді әскери қызметке шақыру медициналық комиссиялар мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жүзеге асырылды. Денсаулығы мықты, дене бітімі шыныққан, сауаты жеткілікті, моральдік-іскерлік қабілеті жоғары деп танылған Шымкент қаласының 22 азаматы Отар 40-шы әскери базасында орналасқан кіші мамандарды дайындайтын оқу орталығында борыштарын өтейтін болады. Аталған оқу орталығында алты ай ішінде сарбаздар мотоатқыштар, танктер, десанттық-шабуылдау әскерлері, артиллерия, теңіз жаяу әскерлері және әуе шабуылына қарсы қорғаныс үшін механик-жүргізуші және зеңбірекші-жауынгерлік машина операторларының мамандықтарын игереді. Оқу орталығын аяқтағаннан кейін әскери қызметшілер Құрлық әскерлерінің әскери бөлімдеріне бөлініп, онда олар қызметін жалғастыратын болады. Айта кетсек, бүгінгі таңда көктемгі шақыру науқаны аясында үшінші мегаполистен 18 бен 27 жас аралығындағы 250-ге жуық ер-азамат ҚР Қарулы Күштерінің қатарына шақырылды. Жалпы, көктемгі шақыру науқаны үшін Шымкенттен 900-ге жуық жас жігітті әскер қатарына шақыру жоспарланған.



