Түркістанда мерекелік «Балалардың игілігі үшін» гала-концерті өтті.

Түркістанда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалардың игілігі үшін» гала-концерті өтті. Алдымен «Когресс Холл» кешенінде Ордабасы, Сарыағаш, Кентау саз мектептерінің оқушылары Құрманғазының күйлерін тартса, арнайы фотокөрме де көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелік жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов қатысып, балаларды, оқушыларды төл мерекесімен құттықтады.
– Құрметті балалар, оқушылар! Сіздерді Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының және облыстық мәслихаттың атынан құттықтау үшін арнайы келіп тұрмыз. Мерекелеріңіз құтты болсын! Түркістан – дарынды, білімді, өнерлі балаларымен мақтанатын ерекше өңір. Биылғы оқу жылында өңірімізде 500 мыңнан астам бала білім алды. Облысымызда 1000-шы мектеп ашылды. Ел Президентінің тікелей қолдауымен балаларға, өскелең ұрпаққа жағдай жасау үшін игі бастамалар қолға алынып жатыр. Алдағы 3 жылда облыста 96 мектеп бой көтереді. Биыл облыс мектептеріне 101 автобус бөлініп, 71-і тапсырылған болатын. Ал бүгін қалған 30 автобусты ұсынып отырмыз. Жазғы демалыста 26 мыңнан астам баланы демалыс лагерлеріне жіберу жоспарланған. Түркістан өңірінде «Қауіпсіз мектеп» жобасын жүзеге асырамыз. Балалардың дамуына, білім алуына жан-жақты жағдай жасау жалғасады. Сонымен қатар биыл облыста 31 мыңнан астам түлек мектепті бітіріп, үлкен өмірге қадам басып отыр. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Ата-ананың, елдің үмітін ақтай беріңіздер, – деді Бейсен Тәжібаев.



