
Түркістан облысында биыл агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдауға 40 млрд. теңге бөлінді, деп хабарлайды degeneken.kz тілшісі Гүлмира Пойызбай.
2022 жылы қолдау көлемі 30,3 млрд. теңге болатын, яғни 30%-ға артты.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының м.у.а. Әлібек Әбдіхалықұлының мәліметінше субсидия – тыңайтқыштарға, жылыжайды жылыту жүйесіне, дақыл өндірісіне, агроқұрылым жұмысын жандандыруға берілмек.
— Облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істейді. Жалпы нарықты азық-түлік өнімдерімен толықтыру, өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 2021-2025 жылға дейінгі кезеңде агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 237,5 млрд. теңгені құрайтын 97 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Осы орайда 2021-2022 жылдары 48,4 млрд. теңгеге 70 жоба іске асырылды. Ал биылғы жылдың 8 айында аталған салада құны 10,6 млрд. теңгеге 26 жоба жүзеге асырылды, — деді спикер.
Сондай-ақ, Түркістан облысында қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Қазіргі уақытта оның көлемі 5 мың гектарды құрайды. Ал су үнемдеу технологияларын пайдаланатын алқап 30,2 мың гектарға жетті. Технология ағын суды үнемдеумен қатар өнімділікті 2-3 есеге ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Бұдан бөлек, Түркістан облысында жасанды жолмен балық өсіру саласы көш бастап тұр. Облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары. Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсірумен 154 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Осы ретте Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы баспасөз турын ұйымдастырды.
– Бағдарламада бекітілген тауарлы балық өндіру көлеміне қол жеткізу мақсатында 2023-2025 жылдары аудан, қала әкімдіктері кесіндісінде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспарланған. Ал акваөсіру бойынша биыл жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, қаржы толық игерілді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға Республикалық бюджеттен 226,0 млн. теңге қарастырылған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 88 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген, – деді басқарманың бөлім басшысы Данияр Сейітов.
Журналистерге мемлекеттік бағдарлама аясында субсидия алып, балық шаруашылығын өркендетуге өз үлестерін қосып жүрген шаруалардың жұмысы таныстырылды. Соның негізгі ошағы Шардара ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Соның бірі – Сүткент ауыл округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығы. 40 га аумағы бар тоғанды балық өсірумен айналысатын шаруа қожалығы 2021 жылы іске қосылған. Мұнда жайын, тұқы, сазан, ақ амур, дөнмаңдай балық түрлері өсіріледі. Арнайы күтіммен өсірілген балықтар Ресей еліне экспортталуда. Өткен жылы 160 тонна балық өндірілсе, биыл 300 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. «Болашақ» шаруа қожалығы директорының орынбасары Мұхтар Байқошқаров 28 млн. теңге субсидия берілгенін айтып, биыл шаруа қожалық өнімін арттыру үшін мемлекеттен 250 млн. теңге жеңілдетілген несиеге өтініш бергенін жеткізді.
Шардара ауданындағы келесі нысан – Қоссейіт ауылдық округіндегі «Ахмет» балық шаруа қожалығы. Мұнда табиғи және шарбақта үш түрлі балық өсіріледі. Кәсіпкердің жеке инвестициялық салымдары есебінен ашылған «Ахмет» шаруа қожалығы 2020 жылы іске қосылған. Аумағы 56 гектар жерді құрайды. Қуаттылығы – жылына 60 тонна. 6 метр тереңдіктегі шарбақта өсірілген балықтар жергілікті халықтың сұранысына ие.
«Ахмет» шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Бәкарыстанәлінің айтуынша, мемлекет тарапынан былтыр 29 млн. теңге берілген. Кәсіпкер тұқы, сазан, ақ амур басқа алдағы уақытта көксерке, ақмарқа, дөңмаңдай секілді балық түрлерін қосуды жоспарлауда.
Айта кетейік, 2023-2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде. Олар Шардара (ЖК «Жалғасбаев Т») және Отырар ауданында («Созақ балық өнімдері» АӨК) ашылмақ. Бүгінгі таңға дейін барлық аудан, қалаларды аралап, балық шаруашылығын дамытуға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Түркістан облысында 2021-2030 жылдарға арналған «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, ал биыл 6640 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Осы ретте облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында облыстың аудан, қала аумағынан балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспары бекітіліп, балық өсіру шаруашылығы санын 126-дан 217-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.