БастыЖаңалықтар

Қызылордалық кәсіпкер республикалық конкурс жеңімпазы атанды

Мереке қарсаңында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тұрғыны Ботагөз Аркашбаева республикалық «Ару ана» конкурсының жеңімпазы атанып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алды.

Салтанатты жиында мемлекет басшысы “Ару-Ана” үздік әйелдер жобасы байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл жолы марапат түрлі салада әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып, азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосып жүрген қыз-келіншектерге алты номинация бойынша табысталды.
“Нәзік жандарға деген біздің ықыласымыз, ілтипатымыз әрдайым ерекше. Жалпы, әйелді құрметтей білген қоғамды мәдениетті, өркениетті қоғам деуге болады. Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Қыздарын қадірлеп, төріне шығарған. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен өткен «Ару ана» республикалық конкурсының қорытындысымен Қазақстан бойынша 20 қыз-келіншек іріктелген болатын. Конгресс-Холлда өткен Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концертте оның 6-уы марапатталды. Жерлесіміздің жобасы «АГРОБИЗНЕС САЛАСЫНДАҒЫ ҮЗДІК ЖОБА» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Б.Аркашбаеваның «Ешкі сүтін терең өңдеу» жобасы тәулігіне 50 литр ешкі сүтін өңдеуге бағытталған.
Негізгі мамандығы хореограф болғанымен, 2017 жылдан бері «Оразбек» отбасылық шаруа қожалығын ашып, мал шаруашылығымен айналысуды бастаған. Қазір ешкі саны 100-ден асты, Австралия және Германиядан ешкі төлін әкеліп, жергілікті тұқымдармен будандастыру тәжірибесін қолға алған. Алдағы уақытта будандастырылған жаңа тұқымды халықаралық сатылымға шығаруды жоспарлауда.
Ешкі сүтінен ірімшіктің 4 түрін, құрт, май, брынза, сүзбе жасап сатады. Өнімдерге сұраныс өте жоғары болғандықтан, кәсібін кеңейтпек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button