Қайрат Сатыбалдыұлы кінәсін мойындады
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өткен басты сот отырысында Қайрат Сатыбалдыұлы өз кінәсін толық мойындады, – деп хабарлайды degeneken.kz
Жиында прокурор айыптау қорытындысын жариялады. Сатыбалдыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (“Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе)өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)”) бойынша айып тағылып отыр.
Айыптау қорытындысы жарияланғаннан кейін судья Бағлан Идирисов Сатыбалдыұлынан тағылған айыпты мойындай ма, сұрады.
“Мойындаймын, құрметті сот. Толық көлімде”, – деп жауап берді Қайрат Сатыбалдыұлы.
Сатыбалдыұлы айыптау актісінде көрсетілген сомаларға да келіскен. Сондай-ақ, тергеу барысында алынған айғақтарды даулаудан бас тартты.
Алдын ала сот отырысында, Сатыбалдыұлының қорғаушысы кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процессуалдық келісім жасау және заңсыз алынған мүлікті қайтару туралы өтініш берді. Осыған байланысты сот процессуалдық келісім жасау туралы мәселені шешуге уақыт берді. Сот отырысы белгісіз мерзімге кейінге шегерілді.