БастыЖаңалықтар

Ералы Тоғжанов: – Әр ауылдың әлеуметтік-экономикалық жоспары болуға тиіс

Бүгінде Шығыс Қазақстандағы мектептердің жартысынан астамы, яғни 57 пайызы шағын жинақты білім ордасы саналады. Мұндай мектептер негізінен ауылдық жерлерде орналасқанын ескерсек, алыс-жақындағы үлкенді-кішілі елді мекендердің ахуалы мүшкіл екенін түсінеміз.

Жалпы, ауыл халқының әл-ауқатын қалай арттыруға болады? Ол үшін ең алдымен әрбір ауылдық округтің өз әлеуметтік-экономикалық даму жоспары болуы керек. Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген ел Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов осылай деді.

Сапары барысында Үкімет басшысының кеңесшісі өңірдегі «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, осы жобаны жүзеге асыру жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізді. Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың қатысуымен өткен алқалы жиын барысында баяндама жасаған Ералы Тоғжанов аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығына тікелей байланысты екенін, сондықтан мал шаруашылығымен қатар, өзге де салаларды да назардан тыс қалдырмау керектігін айтты. Сондай-ақ, мәжіліске қатысқан бейінді басқармалар мен ауылдық округ әкімдеріне жобаны талапқа сай іске асыруды тапсырды.

Мәжіліске төрағалық еткен өңір басшысы «Ауыл аманаты» жобасының облыс үшін маңызы зор екенін жеткізді. Сол себепті, қазіргі уақытта бұл бағытта айтарлықтай жұмыс жүргізілуде екенін айтты.

Айта кетейік, 2023 жылы «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Шығыс Қазақстандағы сенімді өкіл ретінде «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 1 миллиард 535 миллион теңгенің 213 шағын несиесін берген. Нәтижесінде 12 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері жалпы сомасы 309,6 миллион теңгенің жеңілдетілген несиесін алған. Оның ішінде жаңадан жеті кооператив құрылса, бұрыннан істеп тұрған бес кооператив шаруашылығын кеңейткен. Сондай-ақ, 201 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтар қаражат алғаны, оларға берілген несиенің жалпы сомасы 1 милилард 225,5 миллион теңгеге жеткені белгілі болды.

Аймақта бағдарлама аясында 235 жұмыс орны құрылған. Бір несиенің нақты орташа сомасы 7,2 миллион теңге шамасында. «Ертіс» ӘКК» АҚ облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, қарыздардың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізіп, тексеріп шыққан.

Белгілі болғандай, бағдарламаны жетілдіру мақсатында «Ертіс» ӘКК» АҚ тарапынан өтінімдерді қабылдау үшін электрондық портал әзірленген. Корпорациядан хабарлағандай, электрондық портал әлеуетті қарыз алушылардың жобаларын қарау процесінде ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етіп, өтінім қабылдауды әлдеқайда оңтайлы ете түспек.

Жалпы, биыл Шығыс өңіріне аталмыш бағдарлама аясында 5 миллиардтан астам теңге мөлшерінде қаражат бөлінеді деп күтілуде.

Облыста арнайы скрининг өткізіліп, оның нәтижесі бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасын 2024 жылы жүзеге асыру барысында аудандар мен ауылдық округтердің мамандануы, азық-түлік қауіпсіздігін қаматамасыз ету бағыттарына басымдылық берілмек. Скрининг көрсеткендей, биыл облыс көлеміндегі несиеге деген қажеттілік 5 631,2 миллион теңгені құраған. Жалпы, ағымдағы жылы бір мың жобаны жүзеге асыра отырып, 1 059 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

– Жергілікті ірі компаниялардың басшыларымен кездестік. Кәсіпкерлер жүз ауылға жүз бас ірі қара малын беруге келісіп отыр. Бұл – тамаша бастама. Сондай-ақ жергілікті басқарма басшылары облыстың 27 ауылында атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны азайғанын айтуда. Бұған қоса 24 елді мекенде жұмыссыздық жойылғаны белгілі болды. Мұның бәрі «Ауыл аманаты» жобасының да жемісі деп білемін. Әрине, жобаның ауқымдылығын көру үшін біраз уақыт қажет болатыны анық. Мәселелер де жоқ емес. Бүгін күн тәртібіне кооперативтер мәселесін шығардық. Жалпы, ауылымызды сақтап қаламыз, қалпына келтіреміз десек, сол елді мекендердің әрқайсысының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын әзірлеу мәселесіне ден қоюымыз қажет. Бұл істі министрлік не жауапты басқарма емес, жергілікті ауылдық округтің басшылығы қолға алуға тиіс. Осы арқылы бірнеше проблеманы шешуге болады. Атап айтсақ, ауылдағы жұмыссыздықты жоюға, атаулы әлеуметтік көмек алатындар санын барынша азайтуға және халықтың әл-ауқатын, былайша айтқанда табысын арттыруға жағдай жасалмақ, – дейді Ералы Тоғжанов.
«Ауыл аманаты» – халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге зор мүмкіндіктер беретін жоба. Дегенмен, қазіргі уақытта халықты жұмыспен қамту, ішкі миграциялық мәселелер, азық-түлікпен қамтамасыз ету салалары ақсаңдап тұрғанын жеткізген Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жауапты органдарға осы тұрғыдағы жұмыстарды жүйелендіру керектігін айтты.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстанға сапары аясында Үкімет басшысының кеңесшісі облыс орталығының іргесіндегі Глубокое мен Ұлан аудандарына да барып, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы несие алған бірқатар азаматтың кәсібімен танысып қайтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button