САЛЫҚ САҚШЫЛАРЫ ЖОСПАРЛЫ МЕЖЕНІ АРТЫҒЫМЕН ОРЫНДАҒАН

Мемлекеттік кірістер органдарының кәсіби мерекесін түркістандықтар да ерекше атап өтті. 10 жылда атқарылған оңды істер мен басқарманың бет алысы баяндалып, жүзеге асырылған жұмыстарға шолу жасалды. “Конгресс холл” көпсалалы кешенінде ұйымдастырылған салтанатты кештің қалай өткенін келесі сюжеттен бірге көрейік.
Мемлекеттік кірістер органдары – әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп, құқықтық сауатты артыруда айрықша маңызға ие. Салық түсімдерін кірпік қақпай қадағалап, экономикалық қауіпсіздік түйіндерін тарқатып отыр. Осылай деген облыс әкімінің орынбасары, мемлекет қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Сөзінше: салық сақшыларының еңбегі ерен, маңызы зор.
Облыс аумағында салық және кеден негізінде 31 түрлі қызмет көрсетіледі. Ағымдағы жылдың 7 ай көрсеткіші бойынша мемлекет қазынасына 403 млрд теңге түсіп, жоспарлы меже артығымен орындалған. Сондай-ақ облыстағы кеден бекеттері арқылы тәулігіне орта есеппен 40 мыңнан астам экономикалық қарым-қатынас жүргізіліп, 100 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады.
Айта кетейік, салық төлеушілерге ақпарат беріп, сұрақтарына жауап қайыратын бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Орталыққа күніне 500-ге жуық салық төлеуші хабарласып, түрлі мәселелерін айтып жүгінеді.



