ШҚО-ның Ұлан ауданында IQanat олимпиадасының бірінші кезеңі басталды
28 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентіндегі Р.Мәрсеков атындағы орта мектебінде ауыл оқушыларына арналған IQanat олимпиадасының алғашқы кезеңінің салтанатты ашылуы өтті.
«Iqanat» қоғамдық қорының кәсіптік бағдар беру және менторлық жобасының жетекшісі Анар Матыбаеваның айтуынша, олимпиада Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандарында өтеді және 1814 қатысушыны қамтиды.
Дәстүрлі тестілеуден айырмашылығы, білім сайысының тапсырмалары оқушылардың логикалық, математикалық және креативті ойлау, оқу сауаттылығы және қазақ тілін меңгеру сияқты қабілеттерін бағалауға бағытталған. Олимпиаданың бірегейлігі – академиялық жетістіктер мен мектептегі бағаларға қарамастан, әркімнің іріктеуге қатысу мүмкіндігі бар.
Биыл «IQanat» білім қоры олимпиаданы жетінші рет өткізіп жатыр, оған қатысуға еліміздің 170 ауданынан 56 мыңнан астам ауыл оқушысы тіркелген.
Бірінші тур барысында облыстық кезеңге қатысушылар іріктеліп алынады, ал оның жеңімпаздары 2025 жылдың жазында ақтық сайыста кездеседі. Финалистерді қарқынды білім беру бағдарламасы күтеді, оған ағылшын тілін оқыту, IT жобалары, менторлық, кәсіптік бағдар беру, IELTS және ҰБТ-ға дайындық кіреді.
«Мен Iqanat мектебіне түсу үшін тыңғылықты дайындалдым. Бүгінгі олимпиадада жоғары білім деңгейін көрсетуге тырысамын. Менің арманым – Iqanat мектебіне түсу»,-дейді Райымжан Мәрсеков атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Давид Цой.
Айта кетсек, IQanat – 150-ден астам қазақстандық кәсіпкердің еліміздің барлық өңіріндегі ауыл оқушыларын қолдауға арналған әлеуметтік-білім беру жобасы.