Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Президентінің жаңажылдық шыршасы өтті
Бүгін Өскеменде «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты президенттік шырша ұйымдастырылды. Жарқын да көңілді шараға облыстың 13 аудан, қалаларынан 250-ден астам бала қатысты.
Оларға арнап қызықты сайыстар, интерактивті ойындар және сүйікті ертегі кейіпкерлерімен кездесу өтті. Ертеңгілікте балалар көңілді сайыстарға белсене қатысып, би билеп, ән айтты. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев балақайларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен ұйымдастырылып отыр. Мұндай жаңажылдық ертеңгіліктер бүгін Қазақстанның барлық қалаларында өтіп жатыр. Бірақ біздегі мереке бәрінен ерекше деуге болады. Ел Президентінің әрқайсыңыз үшін арнайы дайындаған сыйлығы да бүгін табысталады, – деді аймақ басшысы.
Балаларға таяуда ғана облыста өткен «Аяз Ата, Ақшақар – 2024» фестивалі туралы айтылды. Оған республиканың түкпір-түкпірінен 150-ден астам ертегі кейіпкері келген еді.
Мереке барысында қатысушылар бір-бірімен танысып, тез тіл табысып кетті.
Биыл облыста 9-13 жас аралығындағы 450-ден астам балаға жаңажылдық шырша өткізіліп жатыр. Оның ішінде жетім, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, ерекше білім алуды қажет ететін оқушылар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылық пен қоғамдық өмірде жоғары жетістіктерге жетіп жүрген балалар бар.
Бұдан бөлек, президенттік шыршаға қатысушыларға 150 000 теңге көлемінде ақшалай сертификат, жұмсақ ойыншық пен тәтті сыйлық табысталды.
– Мен Черемшанка ауылынан келдім. Бүгінгі мереке үшін көп рахмет! Маған барлығы да ұнады. Президентімізге берілген сыйлықтар үшін алғыс айтамын, – деді Черемшанка мектебінің 6 сынып оқушысы Алена Чернова.
Мерекелік бағдарлама екі күнге жоспарланған. Бұған дейін балалар Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрына барып, «Алтын балапан» атты қойылымды тамашалап қайтты.