Сәтбаевқа жаңа серпін: Түркістан тәжірибесі негізінде индустрияны дамыту

Сәтбаев қаласы әкімдігінің делегациясы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарып отырған индустриалдық аймақтың қызметімен жан-жақты танысты.
Сапардың негізгі мақсаты – Түркістан облысындағы индустриалдық аймақтардың табысты тәжірибесін зерделеу, кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тарту жолдарын талдау, сондай-ақ қаладағы өндірістік инфрақұрылымды дамыту бойынша нақты жоспарларды қалыптастыру.
Қатысушылар индустриалдық аймақ аумағында орналасқан бірқатар кәсіпорындарды аралап, өндірістік процестермен және қолданылып жатқан заманауи технологиялармен танысты.
Сапар барысында «Завод ТНА» ЖШС компаниясымен кездесу өтті. Бұл кәсіпорын Сәтбаев қаласында электр жабдықтарын жинақтайтын цех ашуды жоспарлап отыр. Тараптар жобаны жүзеге асыру жолдары, жергілікті кадрларды тарту, өндірістік база құру және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, делегация индустриалдық аймақтың сәтті іске асуының алғышарттары – инфрақұрылымдық дайындық, мемлекеттік қолдау тетіктері, инвесторларға ұсынылатын жеңілдіктер мен ынталандыру шаралары туралы толық ақпарат алды.
Сәтбаев қаласы әкімдігі бұл сапарды өңірлік өндірісті дамытуға, инвестиция тартуға және индустриалдық аймақ құруға бағытталған нақты қадам ретінде қарастырады.