Жаңалықтар

ШҚО-дағы Белокаменка ауылында заманауи медициналық пункт ашылды

 

Глубокое ауданына қарасты Белокаменка ауылында заманауи медициналық пункт ашылды.
Ауыл аудандық ауруханадан 30 шақырым қашықтықта орналасқандықтан медициналық көмектің қолжетімділігі жергілікті тұрғындар үшін аса маңызды. Бұған дейін халық ескі ғимаратта орналасқан фельдшерлік-акушерлік пунктте медициналық қызмет алып келген. Алайда бұрынғы нысан санитарлық талаптарға сай келмейтін және оны басқа орынға көшіру мүмкін болмаған.
– Бұл көптен күткен жоба болатын, ақыры жүзеге асты. Бұл медициналық пункт «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде салынды, – деді «Amanat» партиясы Глубокое аудандық филиалының төрайымы Анна Кузнецова. – Алдағы екі жыл ішінде Глубокое ауданында осындай алты нысан салынбақ.
Қазір ауылда 379 адам тұрады. Олардың ішінде 28 адам диспансерлік есепте тұрса, 17 онкологиялық науқас тіркелген.
– Медициналық пункт толық жабдықталған, штаттық бірліктер толығымен жасақталды, – деді Глубокое аудандық ауруханасының бас дәрігері Мирхат Увазыров. – Мұнда процедуралық және егу бөлмелері, физиокабинет, дәрігердің қабылдау бөлмесі және дәрілік препараттарды бөлшек саудада сатуға арналған дәріханалық пункт жұмыс істейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button