Жылумен қамту – басты назарда: Абай облысы жылу маусымына қалай дайындалды және келер жылға жоспар қандай?

Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Ең алдымен, күрделі апаттардың алдын алып, үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету керек. Бірақ жаңа қуат көздерін ашу, желілерді біртіндеп жаңарту және коммуналдық саланы түгел жаңғырту басты міндет екенін ұмытпаған жөн, – Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент инженерлік желілерді, әсіресе жылу жүйелерін уақтылы жаңарту мен қайта құрудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, кейбір өңірлерде инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейі 80%-ға дейін жеткен.
Абай облысында 2024–2025 жылғы жылыту маусымы аяқталды. Өңірде орталықтандырылған жылу беруді 11 кәсіпорын қамтамасыз етеді, олардың құрамында 45 жылу көзі бар. Оның бесеуі – жекеменшік.
Олардың ішінде төрт ірі нысан бар, қуаттылығы 100 Гкал/сағ-тан жоғары: Семей қаласындағы ЖЭО-1, РК-1, «Орталық» қазандығы және Бородулиха ауданы Жезкент кентіндегі қазандық. Қалған жылу көздерінің қуаты 100 Гкал/сағ-тан төмен. Олардың 19-ы Семей қаласында, тағы 22-сі облыстың алты ауданында орналасқан: Курчатовта (4), Бородулихада (6), Абайда (2), Үржарда (2), Жармада (2) және Аягөзде (6).
Бұдан бөлек, өңірде 330 автономды қазандық жұмыс істейді, олар бюджеттік мекемелерді жылумен қамтиды:
- 3 қазандық әлеуметтік қорғау нысандарын,
- 158 – денсаулық сақтау мекемелерін,
- 169 – білім беру ұйымдарын жылытады.
Облыстағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 408,2 шақырым. Тозу деңгейі – 59,4%, яғни 242,4 шақырым құбыр жаңартуды қажет етеді. Бұл мәселе Семейде ерекше өзекті: қалада 325,5 шақырым жылу желісі бар, 200,1 шақырым – тозу деңгейі жоғары (61,5%).
2024–2025 жылғы жылыту маусымына дайындық аясында облыста жалпы құны 18,5 млрд теңгені құрайтын 28 жоба іске асты. Оның ішінде – 37,9 шақырым жылу желісін және 17 жылу көзін салу, қайта жаңарту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, Семей қаласында 10 жылу көзі мен 30 шақырым жылу желісі жөнделді, Жарма ауданы Шуақ ауылында қазандық жаңғыртылды. Абай ауданының Қарауыл ауылында жаңа қазандық салынды, ал Курчатов қаласында 4 жылу көзі мен 2,2 шақырым жылу желісі жаңартылды.
2024 жылы жалпы 22 жоба аяқталды. 26,1 шақырым жылу желісі мен барлық 17 жылу көзі бойынша жұмыстар жүргізілді. Семейде 14,7 шақырым құбыр жаңартылып, 4,8 шақырым желіге ағымдағы жөндеу жүргізілді, 10 жылу көзі жаңартылды. Алты жоба 2025 жылға ауыстырылды.
Нәтижесінде облыс бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 64,2%-дан 59,4%-ға дейін төмендеді, оның ішінде Семейде – 66%-дан 61,5%-ға дейін.
– Биылғы және келесі жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіштерді одан әрі төмендетуді көздеп отырмыз. Қалған төрт жобаны аяқтап, тағы екі жобаны бастағаннан кейін, облыс бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 56,6%-ға, ал Семейде – 58,1%-ға дейін төмендеуіне қол жеткізуге болады. Халықты үйлерде және әлеуметтік нысандарда тұрақты, қауіпсіз және сапалы жылумен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз, – деді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
2025 жылға қосымша қаржыландыру қарастырылған. Семейдің жергілікті бюджеті 12 жылу көзін ағымдағы жөндеуге және 2,9 шақырым жылу желілерін оқшаулауды қалпына келтіруге 2,1 млрд теңге бөлді. Облыстық бюджет Аягөздегі «Орталық» қазандығын жөндеуге 800 млн теңге бөлді.
Келесі жылыту маусымына дайындық қазірдің өзінде басталды. Димитрий Гариковтың айтуынша, өңір энергетика саласында жүйелі әрі ұзақмерзімді саясат жүргізіп жатыр.