Доссор кентіндегі жаңа өрт сөндіру депосы 15 мың тұрғынды қорғайды

Атырау облысының Доссор кентінде жаңа өрт сөндіру депосы ашылды. Ол 40 шақырым радиустағы 15 мыңнан астам адамның өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жаңа нысан өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға ден қою уақытын едәуір қысқартады.
Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев қатысты.
«Мұндай жобалардың жергілікті әкімдіктердің белсенді қолдауымен жүзеге асырылып жатқаны ерекше маңызды — бұл жергілікті жерлерде төтенше жағдайлардың профилактикасы мен оларға дайындықтың маңыздылығын түсінетінін көрсетеді. Бүгінгі жаңалық тәсілдің өзгеріп жатқанын растайды: біз жаңа нысандарды салып қана қоймай, тиімді жұмыс істеу үшін толыққанды жағдай жасаймыз. Жаңа депода құтқарушылардың тұрмысы мен жарақтандырылуы елордалық бөлімдерден кем түспейтін деңгейде қамтамасыз етілген. Бұл тәсіл шақыруларға тез ден қоюға мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірлерге білікті кадрларды тартуға және олардың сол жерде тұрақты қызмет атқаруына көмектеседі», — деп ТЖМ басшысы атап өтті.