Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда халықты әлеуметтік қолдау күшейтілуде

 

ШҚО-да әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда: цифрлық шешімдер енгізіліп, атаулы көмек кеңейтілуде, жаңа оңалту және белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылып жатыр.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының деректері бойынша, өңірде ерекше назар аударуды қажет ететін 300 мыңнан астам адам тұрады: зейнеткерлер, ардагерлер, көпбалалы отбасылар және мүгедектігі бар адамдар. Бұл азаматтардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету – өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысына қатысушыларға 5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем жасалды. Тыл еңбеккерлері мен майдангерлердің жесірлеріне 392 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Жетінші мамырға қарай ауған соғысы, чернобыль және басқа да әскери қақтығыстарға қатысқандарға берілетін төлем көлемі 150 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Ардагерлерге тегін санаторлық-курорттық ем алу мүмкіндігі де берілген: жыл басынан бері 1 616 адам Шемонаиха ауданындағы «Уба» шипажайында емделді.

Өңірде 13 мыңнан астам көпбалалы ана бар, олардың 8 951-і төрт және одан көп баласы бар отбасылар. Соңғы төрт жылда олардың саны 40%-ға өсті. 8 наурызға орай 13 мыңнан астам әйелге 15 мың теңге көлемінде біржолғы төлем жасалды.

2025 жылдың алғашқы төрт айында 895 отбасы (4 мыңнан астам адам) атаулы әлеуметтік көмек алды. Халық табысын арттыру бағдарламалары белсенді іске асуда: шамамен 6 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Соның нәтижесінде көмекке жүгінгендердің саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 41%-ға азайды.

Облыста 27 мыңнан астам мүгедектігі бар адам, оның ішінде 3 мыңнан астам бала тұрады. Дамуында ауытқуы бар балалар үшін санаторлық емдеуге 100% ақы төлеу және оларды ертіп жүретін ата-аналардың шығындарының 70%-ын өтеу қарастырылған. Өскемен, Винный және Дайыр елді мекендерінде иппотерапия бағдарламалары жұмыс істеп жатыр, биыл бұл мақсатқа 100 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін бұл бағдарлама Риддер және Ұлан аудандарында да іске қосылады.

Әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінде 2023 жылдан бастап «Socium» цифрлық платформасы қолданылады, ол барлық арнайы әлеуметтік қызметтерді тіркеуге және қызметкерлердің жұмысын бақылауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жыл сайын 14 мыңға дейін өтінім өңделеді, бұл қызмет көрсетушілер арасында ашықтық пен әділ бәсекелестікті қамтамасыз етеді.

Наурыз айында Өскеменде қарттар үшін бос уақытын тиімді өткізуге арналған заманауи Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Мұнда 15 үйірме жұмыс істейді, қазірдің өзінде 400-ден астам зейнеткер осы орталықтың қызметін пайдаланып отыр. Жақын арада мұндай орталықтар облыстың басқа да аудандарында ашылады.

«Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, «Baquatty aimaq qory» жобасы жүзеге асуда. Оның аясында Бозанбай ауылында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Ainala» оңалту орталығы ашылады. Қор орталықты жабдықтауға және мамандарды оқытуға 350 млн теңге бөлуді өз мойнына алды.

Шығыс Қазақстан облысы ешкімді назардан тыс қалдырмайтын, орнықты, технологиялық және адамға бағытталған әлеуметтік қолдау жүйесін дәйекті түрде құрып жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button