Жаңалықтар

WorldSkillsAbai–2025 чемпионаты өз мәресіне жетті: 165-тен астам студент жүлдегер атанды

Абай облысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында ұйымдастырылған WorldSkillsAbai–2025 өңірлік чемпионатының салтанатты жабылу рәсімі өтті.
Чемпионат мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, жастар арасында кәсіби шеберлікті насихаттау және еңбек нарығына қажетті кадрларды даярлау.
12 мамырда басталған чемпионатқа Абай облысының 215 студенті қатысты. Олар 55 құзыреттілік бойынша бақ сынап, қатысушылардың жұмыстарын 300-ден астам сарапшы бағалады.
Жабылу рәсіміне Абай облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Сүлейменов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Курманова, Абай облысының кәсіподақ ұйымының төрағасы, сондай-ақ салалық демеушілер мен серіктес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Салтанатты бөлімде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары жеңімпаздарға сәттілік тілеп, чемпионаттың жастардың еңбекке деген ынтасын арттырып, бәсекеге қабілетті мамандар қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Чемпионат қорытындысы бойынша:
•55 алтын медаль,
•55 күміс медаль,
•63 қола медаль иегері анықталды.
•Жалпы марапатталғандар саны – 173 студент.
Жалпы есепте ең көп алтын медаль иеленгендер қатарында IT және жаңа технологиялар жоғары колледжі, Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі, Бизнес және сервис жоғары колледжі болды.
Жарысқа демеушілік көрсеткен серіктестер бірқатар қатысушыларға арнайы марапаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.
Чемпионат нәтижесі бойынша үздік шыққан қатысушылар желтоқсан айында Астанада өтетін республикалық WorldSkills Kazakhstan чемпионатында Абай облысының намысын қорғайды.
WorldSkills қозғалысы – болашақ маман иелерінің мүмкіндігін ашатын, бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыратын халықаралық стандарттарға негізделген платформа. Абай облысы бұл бағытта жастарды қолдауға әрі қарай да басымдық береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button