Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ӨНЕР ЖӘНЕ МЕДИА ӨКІЛДЕРІ ҚАТЫСҚАН «SHOW MATCH» ФУТБОЛ ОЙЫНЫНДА «TURKISTAN» КОМАНДАСЫ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Түркістан қаласында өткен «Show Match» атты ерекше футбол ойыны көпшіліктің көңілінен шығып, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттаудың тамаша үлгісіне айналды. Ойынға өнер, спорт және медиа саласындағы танымал тұлғалар қатысты. Жолдастық кездесудің басты мақсаты – лудомания мен есірткіге қарсы күресті қолдау, жастарға зиянды әдеттерден аулақ болу жайында ой салу және белсенді өмір салтын дәріптеу болды.

Ойын «Лудомания және есірткіге қарсымыз!» деген ұранмен өтті. Кездесу Түркістан қаласындағы ең ірі спорттық нысандардың бірі — «Turkistan Arena» стадионында ұйымдастырылды. «Turkistan» командасы мен Қазақстан құрамасы арасында өткен матч қызықты сәттерге толы болды. Қос команда да жоғары деңгейде ойын көрсетіп, жанкүйерлерге тартысты әрі әсерлі матч сыйлады.

Негізгі ойын уақыты 5:5 есебімен аяқталып, жеңімпазды пенальти сериясы анықтады. Қайсарлық пен шеберлікті танытқан «Turkistan» командасы пенальтиде 5:4 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің жеңімпазы атанды. Ойын барысында көрермендер 10 голдың куәсі болып, спорттық рух пен командалық ойынды жоғары бағалады.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, қала тұрғындарымен бірге футбол бәсекесін тамашалады. Ол өз сөзінде мұндай спорттық бастамалардың жастарға үлкен үлгі болатынын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Бұл жолдастық кездесу – тек футбол мерекесі ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерге назар аудартқан ерекше шара болды. Түркістан жұртшылығы мұндай игі бастамалардың жиі ұйымдастырылуына мүдделі екенін көрсетті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button