Жаңалықтар

НМУ және экологиялық төтенше жағдайлар кезінде ШҚО әкімдігі мен ірі кәсіпорындар арасында экология мәселелері бойынша меморандумға қол қойылды

Қоршаған ортаны қорғаудың дүниежүзілік күні аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде Өскемен қаласының ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарымен қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (НМУ) туындаған кезде және экологиялық төтенше жағдайларға әрекет ету бойынша өзара іс-қимыл жөніндегі меморандумға қол қою салтанаты өтті.

Аталған құжатқа келесі кәсіпорындар қол қойды: «Казцинк» ЖШС, «ТМК» АҚ, «УМЗ» АҚ, «Востокмашзавод», Өскемен май зауыты, сондай-ақ барлық жылу энергетика нысандары – Өскемен ЖЭО, Согра ЖЭО, «Шығыс жылу» АҚ.

«Меморандумға қол қою рәсімінің 5 маусым – Қоршаған ортаны қорғаудың дүниежүзілік күнімен және экологтар кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келуі – ерекше мәнге ие. Бұл күні табиғатты сақтау жолында еңбек етіп жүрген, экологиялық ағарту, бақылау және тұрақты шешімдерді енгізумен айналысатын барша жандарға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз – болашақ ұрпақ пен бүкіл планетамыз үшін жасалып жатқан баға жетпес үлес.

Өнеркәсіптік кәсіпорындар басшыларына ашық диалог пен бірлескен жұмысқа дайын екені үшін ризашылығымды білдіремін. Тек серіктестік, өзара сенім және тұрақты даму арқылы ғана өңіріміздің экологиялық әл-ауқатын сақтай аламыз. Қатысушыларды осы құжатпен шектеліп қалмай, бұл бағытта жүйелі жұмысты жалғастырып, ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге, экологиялық жауапкершілік пен өндірістік мәдениетті арттыруға шақырамын», – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Меморандум НМУ туындаған жағдайда, сондай-ақ экологиялық сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде барлық тараптардың үйлестірілген іс-қимылдарын көздейді. Бұл – шығарындыларды жедел түрде азайту, ақпарат алмасудың ашықтығы, мониторингке қатысу және ең бастысы – қоршаған ортаның ластануын болдырмауға бағытталған алдын алу шаралары.

Аталған құжат өнеркәсіп секторының трансформациясы мен тұрақты дамуы саласындағы күш-жігерді үйлестірудің негізіне айналмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button