Жаңалықтар

Ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер: бағдарлама ШҚО ауылдарының өмірін қалай өзгертіп жатыр

  Парыгин ауылдық округіндегі кәсіпкер Шырынгүл Пяткова табыс көзіне айналған құс шаруашылығы туралы бөлісті
2024 жылы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Парыгин ауылдық округінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Шырынгүл Жамалдиновна Пяткова микрокредит алып, өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алды.
  Жоба аясында ол жұмыртқалық және ет бағытындағы құс шаруашылығын қолға алған. Кәсіпкер 3,0 миллион теңге көлемінде 2,5% жеңілдетілген мөлшерлемемен 60 ай мерзімге несие алып, қазіргі уақытта өз ісін сәтті жүргізіп келеді.
  Алынған қаражатқа Ломан браун тұқымды тауықтар, 320 жұмыртқаға арналған «Умница» инкубаторы, сондай-ақ тоңазытқыш жабдықтары сатып алынды. Қалған қаражатқа 40 шаршы метрлік қора мен ұялары бар жазғы орынжай салу үшін құрылыс материалдары алынған.
  – Мемлекет ұсынып отырған қолдаудың арқасында кәсібімді кеңейтіп, отбасылық табысымызды арттыруға жол ашылды. Жыл басынан бері 600-ге жуық бройлер балапанын инкубациялап шығардық. Қазіргі таңда 300-ден астам тауық өсіп жатыр. Алдағы уақытта Парыгино ауылы мен Алтай қаласының тұрғындарына құс өнімдерін тұрақты түрде жеткізуді жоспарлап отырмыз. «Ауыл аманаты» – нағыз ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеретін, нақты нәтиже беретін бағдарлама, – дейді кәсіпкер Шырынгүл Пяткова.
  Кәсіпкердің айтуынша, тұрғындар тарапынан экологиялық таза, үй жағдайындағы  жұмыртқа мен ет өнімдеріне сұраныс жоғары. Жоба аясында қол жеткізілген табыстар оның кәсібіне деген сенімін арттырып, келешекте өндіріс көлемін ұлғайтуға жол ашуда.
  «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлердегі шағын кәсіпкерлікке серпін беріп қана қоймай, елді мекендерде тұрақты табыс көзін қалыптастыруға, ауылдың әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама екенін уақыт дәлелдеп отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button