Жаңалықтар

Түркістан облысында жастардың денсаулығы мен АИТВ-ның алдын алу бойынша маңызды кездесу өтті

Түркістан облысында жастардың денсаулығын сақтау мен АИТВ инфекциясының алдын алу мақсатында маңызды ақпараттық-танымдық кездесу өтті. Бұл іс-шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ және облыстық денсаулық сақтау басқармасының «АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК бірлесіп ұйымдастырды. Кездесу Ордабасы ауданының «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында АИТВ инфекциясы туралы ғылыми әрі түсінікті ақпарат тарату, олардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ қоғамда АИТВ жұқтырған азаматтарға деген стигма мен кемсітушілікті азайту болды.

Кездесуге Түркістан облыстық АИТВ орталығының білікті мамандары – эпидемиолог Сраил Ақәділ, бөлім меңгерушісі Амирбеков Еркінбек және тәжірибелі психолог Сариева Мөлдір қатысты. Мамандар жастармен ашық әрі еркін форматта сұхбаттасып, инфекцияның таралу жолдары, алдын алу шаралары, қауіпсіз мінез-құлық дағдылары мен тестілеудің маңыздылығы туралы кең көлемде ақпарат ұсынды.

Мамандар өз сөздерінде жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға, психикалық денсаулыққа мән беруге және өз болашағына саналы түрде қарауға шақырды. Сонымен қатар қатысушылар мамандарға көкейлеріндегі сауалдарын қойып, нақты әрі пайдалы жауаптар алды.

Аталған іс-шара аясында жастарға ақпараттық жадынамалар мен брошюралар таратылып, психологиялық және медициналық кеңес беру бұрышы ұйымдастырылды. Қатысушылар АИТВ-ға қатысты мифтер мен шындықты ажыратуға мүмкіндік алып, осы инфекциямен өмір сүретін адамдардың да қоғамның толыққанды мүшесі екенін терең түсіне бастады.

Сонымен қатар, шараға ерікті жастар да белсенді атсалысып, кездесуді ұйымдастыруға, қатысушыларға бағыт-бағдар көрсетуге, ақпараттық материалдарды таратуға көмектесті. Волонтерлер өз кезегінде жастар арасында әлеуметтік жауапкершілікті арттырудың үлгісін көрсетті. Олар өздерінің азаматтық позициясын білдіріп, денсаулық сақтау саласындағы бастамаларға атсалысу арқылы өзгелерге үлгі болды.

Осындай кездесулер – жастардың ақпараттылығын арттырып қана қоймай, олардың денсаулығына қатысты дұрыс көзқарас қалыптастырып, болашақта дені сау қоғам қалыптастыруға ықпал ететін маңызды платформа болып табылады. Іс-шара соңында қатысушылар жағымды әсер алғандарын жеткізіп, мұндай бастамалардың жиі өткізіліп тұруын қолдайтындарын айтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button