ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНҒА ШЫҰ ЕЛДЕРІНІҢ ЖАСТАР ДЕЛЕГАЦИЯСЫ КЕЛДІ

Шығыс Қазақстан облысы халықаралық жастар диалогының алаңына айналды. Өңірге Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің жас көшбасшыларынан құралған делегация ресми сапармен келді.
Сапар 2024 жылғы 4 шілдеде Астанада өткен «ШЫҰ плюс» форматындағы саммитте қол жеткізілген келісімдер аясында жүзеге асып жатыр. Ол саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық сын-қатерлер жағдайында ұйымға мүше мемлекеттердің бірлігі мен бірлескен күш-жігерінің маңыздылығын атап өткен болатын.
Делегация құрамына Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және Тәжікстан Республикаларынан келген жас көшбасшылар, еріктілер мен қоғам белсенділері кірді. Сапардың негізгі мақсаты – мәдениетаралық диалогты нығайту, жастар арасындағы әріптестікті дамыту және ортақ бастамаларды алға жылжыту.
Бағдарлама аясында делегация мүшелері өңірдің тарихи-мәдени мұра нысандарын аралады: Өскемен қаласының сол жағалау кешені, Абайдың үй-музейі, этноауыл мен дәстүрлі қазақ киіз үйі. Қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырған «Ұлы дала алтыны» көрмесінде сақ-скиф дәуіріне жататын бірегей жәдігерлер – зергерлік бұйымдар, қару-жарақ және ат әбзелдері қойылған.
Сапардың басты оқиғаларының бірі – Ұлан ауданында өткен этнофестиваль болды. Делегация өкілдері қазақ халқының қолөнерімен, салт-дәстүрімен, ұлттық тағамдары мен фольклорымен танысып, мәдениетіміздің тереңіне үңілуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, қатысушылар Ертіс өзенімен серуендеп, Өскеменнің табиғи сұлулығын тамашалады.
Іс-шара аясында ресми кездесулермен қатар бейресми жүздесулер де өтті. Диалог алаңдарында волонтерлік, тұрақты даму, экология және ШЫҰ елдері жастары арасындағы байланысты нығайту мәселелері талқыланды.
Жақын күндері шаралар жалғасады. Жоспарда – пікірталас сессиялары, мәдени іс-шаралар және өңірдің белсенді жастарымен кездесулер бар. Осылайша, Шығыс Қазақстан ашық диалог пен халықаралық әріптестік кеңістігі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.