Жаңалықтар

Президент тапсырмасымен: Катонқарағайда әуежай құрылысы жаңа деңгейге көтерілді

Катонқарағай ауданында әуежай құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданы – өңір үшін аса маңызды инфрақұрылымдық нысанның бой көтеріп жатқан картасындағы маңызды нүктеге айналды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған жаңа әуежай екі бірдей аудан – Катонқарағай мен Үлкен Нарын тұрғындарының өмір сүру сапасы мен көлік қолжетімділігін мүлде жаңа деңгейге көтермек, себебі әуежай дәл осы екі ауданның ортасында орналасады.

 

Жаңа әуежай – бұл тек ұшу-қону жолағы ғана емес. Бұл – еліміздің шығысындағы бүкіл аймаққа ашылатын «әуе қақпасы». Осы арқылы табиғаты мен туристік әлеуеті жағынан ерекше бұл өңір еліміздің басқа аймақтарымен байланысып, шағын және орта бизнестің дамуына, логистикалық тізбектердің нығаюына жол ашады. Ең бастысы – халықтың жолда кетіретін уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

 

Құрылыс алаңында жұмыстар үш ауысыммен жүргізілуде. Мұнда 230-дан астам адам мен 130-дан аса техника жұмылдырылған. Бас мердігер «ОблШығысЖол» ЖШС өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда ең күрделі жер қазу жұмыстары аяқталған – кейбір бөліктерде жеті метрге дейінгі саз қабаты алынған. Қазір бұл аумаққа тасты топырақ төселіп, геотекстиль материалын пайдалану арқылы жол жабындысының құрылысы басталған. Сонымен қатар ұзындығы бес шақырым болатын жаңа айналма жол салынып жатыр. Бұл – міндетті шара, себебі қазіргі республикалық маңыздағы автожол болашақ әуежайдың аумағы арқылы өтетін болады. Мұнда да топырақ төсеу аяқталып, негізді төсеу жұмыстары басталды.

 

Ең ауқымды учаске – ұзындығы 2260 метр, ені 35 метр болатын ұшу-қону жолағы. Ол қазіргі заманғы стандарттарға толық сәйкес келіп, әртүрлі әуе кемелерін қабылдай алатындай етіп салынады. Қазіргі уақытта жолаушылар терминалы, диспетчерлік мұнара, техникалық ғимараттар, гараждар, жылы қоймалар мен қосалқы инфрақұрылымдар бой көтеруде. Жарық белгілері мен жарықтандыру жүйелерін орнататын мердігерлермен келісімдер жасалып қойған.

 

Сапаға ерекше назар аударылып отыр: құрылыс барысына барлық кезеңдерде бақылау жүргізілуде. Жұмыстарға осы салада мол тәжірибесі бар мамандар тартылған. «ОблШығысЖол» компаниясы бұған дейін Өскемен мен Семей қалаларындағы ұшу-қону жолақтарын қайта жаңартумен айналысқан, сондай-ақ ел бойынша бірегей жоба – Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірді салған.

 

Жоба жетекшісі Нұржан Іскендіровтің айтуынша, Катонқарағай ауданындағы құрылысқа ең үздік мамандар тартылған, ал жұмысшылардың 70%-ы – жергілікті тұрғындар. Бұл – өңірдің әлеуметтік тұрақты дамуы үшін өте маңызды фактор.

 

Әуе қатынасының ашылуы туризмнің дамуына зор серпін береді. Катонқарағай мен Үлкен Нарын аудандары – Шығыс Қазақстанның жауһарлары. Мұнда бірегей табиғи нысандар, ұлттық парктер, шипажайлар мен тарихи ескерткіштер орналасқан. Жаңа әуежай тек жолды қысқартып қоймайды, ол бүкіл Қазақстан мен шетелдік қонақтарға осы өңірді жақынырақ таныстыруға жол ашады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button