«Бала Абайдан дана Абайға» театрландырылған қойылымы өтті

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Бала Абайдан дана Абайға» атты бес бөлімнен тұратын этнографиялық дала сахнасы көрермен назарына ұсынылды.
Бұл айтулы шарада Абай бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, “Құрмет” орденінің иегері Болат Әбділманов сомдады. Ал Құнанбай рөлін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Әсет Иманғали шебер орындады.
Қойылымға Абай атындағы музыкалық драма театры, Дариғай жастар театры, Достоевский атындағы орыс драма театрының әртістері, Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония, «Қаламқас» халық ән-би ансамблі және Абай облысының өнерпаздары қатысты.
Сахнада қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен Абайдың бала кезінен дана ақынға дейінгі рухани өсу жолы көрініс тапты. Әр бөлім көрерменге ерекше әсер қалдырып, ұлттық мәдениетіміздің байлығын паш етті.
Бұл мерейтойлық қойылым өнерсүйер қауым үшін ұмытылмас сәттердің бірі болды және ұлы ойшылдың мұрасын дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.