Жаңалықтар

Қазақстандық 12 онколог-дәрігер алғаш рет IPSM халықаралық мектебінде оқып келді

Қазақстандық онколог-дәрігерлер IPSM халықаралық мектебінде екі жылдық бағдарламамен білім алды. Олар Қазақстандағы бағдарламаны аяқтаған алғашқы мамандар атанып отыр. Түлектер мектепті ресми түрде 2025 жылдың тамыз айында аяқтайды.

IPSM мектебінде (International Postgraduate School of Medicine) қазақстандық мамандардың онкология, онкогематология және патоморфология саласындағы оқу бағдарламасы аяқталды. Алғашқы лекте 12 онколог-дәрігер білім алып, әлемнің үздік мамандарынан теориялық және практикалық дәріс алды.

IPSM жобасы халықаралық ІНЕА қорының қолдауымен жүзеге асырылады, алғашқы лек EA Charity Fund қорының (EA Group холдингінің корпоративтік қоры) қолдауымен білім алуды аяқтады. Бағдарлама онколог мамандардың дипломнан кейінгі білім алуының сәтті моделі ретінде өзін көрсете алды. Осылайша Қазақстан халықаралық жобаның мектебі іске қосылған алғашқы ел атанып отыр.

IPSM мектебіндегі оқу – тегін, екі жылға созылады және резидентурадағы оқуға қосымша ретінде жүреді. Бағдарлама аясында студенттер медициналық пәндер бойынша қарқынды сабақтарға қатысады, сонымен қатар, медициналық ағылшын тілін, пациенттермен тиімді коммуникация құруды және медициналық әдебиеттерді сыни тұрғыда оқуды үйренеді. Оқытушылардың арасында АҚШ, Израиль, Еуропа, Ресей, Қазақстан және т.б. елдердің онкология, онкогематология, патоморфология және басқа да салаларындағы клиникалық және зерттеу жұмыстарында тәжірибесі мол дәрігерлер бар.

Бағдарламаға практика-бағдарлық модульдер (журнал клубтары, клиникалық жағдайларды талқылау) және симуляциялық сабақтар енгізілген. Студенттер топ-топқа бөлініп, күндізгі оқуға қатысты, үй тапсырмаларын орындап, медициналық блоктарды аяқтаған соң міндетті аттестациядан өтті.

«IPSM мектебі екі жылдан бері жаңа, іс-тәжірибеге сүйенген әдісті ұсынып, Қазақстандағы онкологиялық білім жүйесін дамытуды қолдап келеді. Қазіргі жүйеге қосымша ретінде жұмыс істей отырып біз студенттерге тәжірибелерін дамытуға және пациенттердің қажеттіліктерін тереңірек түсінуге көмектесеміз», – дейді IPSM академиялық директоры, Балтимордағы (АҚШ) Mercy клиникасының хирургиялық онкологы Вадим Гущин.

«IPSM дәрігерлерді халықаралық стандарттар бойынша оқытып қана қоймай, Қазақстан медицинасын дамытуға едәуір үлес қосады. Резиденттердің онкологиялық пациенттермен жұмыс істеудің заманауи әдістерін қолдануы елдегі медициналық қызмет сапасының жоғарылауына оң әсерін тигізеді. Біз осы жобаның бір бөлігі атанып, Қазақстандағы медицинаның дамуына үлес қосқанымызға қуаныштымыз», – дейді EA Charity Fund директоры Айдар Бөрібаев.

Сонымен қатар, 8 студент АҚШ, Швейцария, Израиль және Ресейдегі жетекші клиникалар мен зерттеу орталықтарында халықаралық іс-тәжірибеден өтті. Олардың бірі іс-тәжірибенің нәтижесін Қазақстандағы кәсіби конференцияда көрсетті. Сонымен қоса бірнеше түлек Швейцария мен басқа да елдерде өткен конференцияларда баяндама жасады.

Оқу аясында студенттер Қазақстандағы клиникаларға өзгеріс енгізуге бағытталған жобаларын да жасады, нәтижесінде елдегі медициналық қызметтің сапасы арта түспек.

IPSM бағдарламасы Қазақстандағы онкология саласындағы мамандардың біліктілігін едәуір арттыруға, онкологиялық дерттерге диагноз қойып, емдеуді жақсартуға, сонымен қатар, медицина саласындағы халықаралық серіктестікті нығайтуға мүмкіндік береді. Бағдарлама түлектері өз жобалары мен әдістерін клиникаларында енгізе алады, оның нәтижесі Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесіне оң әсер етеді. Қазіргі таңда IPSM жобасы қосымша донор іздестіруде.

Жоба туралы:

IPSM мектебі (International Postgraduate School of Medicine) – Қазақстандағы медицинаны дамытуға бағытталған бірегей білім бастамасы. 2023 жылы EA Group холдингінің корпоративті қоры – EA Charity қорының қолдауымен іске қосылып, әлемнің 11 елінің мамандары қатысатын халықаралық жобаға айналды. Толығымен коммерциялық емес жоба саналады – күрделі төрт деңгейлі іріктеуден өткен студенттер (медициналық ЖОО-ның резиденттері) екі жылдық білім алу бағдарламасына толық тегін қатысады.



Басқа жаңалықтар

Back to top button