Жаңалықтар

Ұлытау облысында заманауи оқушылар сарайының қазығы қағылды

Жоба – Болат Өтемұратов қорының қолдауымен Жезқазған қаласында бастау алды. Ғимараттың жалпы аумағы 2600 шаршы метр болады, нысан – 250 балаға шақталған. Оқушылар сарайының алғашқы іргетасын қалау рәсіміне қатысқан Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қор басшылығына алғысын жеткізді.

«Өздеріңіз білетіндей, Жезқазған қаласының батыс ауданы даму сатысында. Бұл аумақта алдағы уақытта облыс орталығының архитектуралық келбетін жақсартатын әлеуметтік нысандар, көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, қала халқы үшін қолайлы орта қалыптасады. Солардың бірі –осы Оқушылар сарайы болмақ. Жас облысымызда тарихи сәттің орын алуына қолдау білдірген Болат Өтемұратов атындағы қордың басшылығына алғысымыз шексіз»-деді Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.

Салтанатты рәсімге Болат Өтемұратов Қорының директоры Айнұр Карбозова мен қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман арнайы қатысты.

Жаңа оқушылар сарайының ішінде акт залы, медиаорталық, хореография және жекпе-жек залдары, сенсорлық бөлмелер, фотостудия мен музыкалық кабинеттер, сондай-ақ цифрлық өнер, робототехника, жаратылыстану және нақты ғылымдарды біріктіретін мамандандырылған STEM-орталығы орналасады.

Көршілес аумақта балалар және спорт алаңдары, демалыс аймақтары, автотұрақ пен көгалдандыру қарастырылады. Ғимарат толықтай мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделіп, қауіпсіздік пен энергия тиімділігі талаптарына сай болады. Құрылыстың 2026 жылдың маусымында аяқталуы күтілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button