Жаңалықтар

Ұлытау облысында әлеуметтік нысандарды газдандыру жұмыстары жалғасуда

Жезқазған қаласының Қабанбай батыр шағынауданында бой көтерген 300 орындық жаңа мектеп орталықтандырылған газ желісіне қосылды. Бұл бастама – өңірде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, әлеуметтік нысандарды үздіксіз жылумен қамтуға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасы.

 

Аталған шараға Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен «Qazaqgaz» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов арнайы қатысты.

 

Өз сөзінде өңір басшысы газдандыру ісінің өңір экологиясы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудағы маңызына тоқталды.

 

— «Газдандыру жобасы – экологиялық тұрғыдан өте пайдалы. Ол қоршаған ортаға келетін зиянды қалдықтарды азайтып қана қоймай, жылу тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді. Өткен жылы біз Талап ауылындағы мектепті көгілдір отынға қосып, қыс мезгілін сәтті өткердік. Бүгінде облыс орталығындағы өзге де әлеуметтік нысандарды кезең-кезеңімен газ желісіне қосуды қолға алып отырмыз. Соның бірі – осы жаңа білім ошағы», – деді облыс әкімі Дастан Рыспеков.

 

Айта кетейік, қазіргі таңда Жезқазған қаласында 4000 абонентке газ желісі тартылып, оның 2000-ы көгілдір отынды тұтынып отыр. Бұдан бөлек, Кеңгір ауылында, Жәйрем кентінде және Жаңаарқа ауданында да газдандыру жобалары жүзеге асырыла бастады.

 

Алдағы уақытта Ұлытау облысында әлеуметтік нысандармен қатар, жеке тұрғын үйлерді де кезең-кезеңімен газдандыру жоспарланып отыр. Осыған байланысты облыс әкімі мен «Qazaqgaz» компаниясы өкілдерінің қатысуымен арнайы жиын өтті. Кеңесте газдандыру ісін одан әрі жандандыру, қосымша газ көлемін беру, сондай-ақ оның өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытудағы рөлі талқыланды.

 

Қос тарап ынтымақтастықта әрекет ете отырып, газдандыру жобаларын тұрақты түрде жүзеге асыруға және халыққа қолайлы жағдай жасауға ниетті екендіктерін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button