Жаңалықтар

БІЛІМ – ҰЛТ БОЛАШЫҒЫНЫҢ ТҰҒЫРЫ

       Қай заманда да өркениеттің кілті – сапалы білім мен ғылымды дамытуда болған. Бұл үрдіс жыл өте заман ағымы мен тың технологиялардың әсерінен жаңа деңгейге көтеріліп отырды. Қазір де білім беру жүйесінде оң бетбұрыстар мен өзгерістер дәуірі жүріп жатыр. Білім берумен қатар,адамершілік пен жауапкершілігі жоғары, әділ және елжанды тұлғалар қалыптастыруға ден қойылуда. 2024-2025 оқу жылында қыруар шаруалар атқарылып, тың бастамалар іске асырылды. 2025-2026 оқу жылын ерекше дайындықпен бастағалы отырмыз.

     Республикалық және облыстық Тамыз кеңесінде білім саласындағы жетістіктер мен кемшіліктер таразыланды. Бұл басқосу – педагогтар қауымы үшін серпіліс болды. Дәстүрлі жиында негізгі бағыттар айқындалып, нақты міндеттер жүктелді. Солардың бірқатарына тоқталып, жаңалықтармен құлағдар еткім келеді.

       Балабақшадан бастап кәсіби білімге дейінгі барлық кезеңде сапалы білімге қолжетімділік тең дәрежеде қамтамасыз етілуі керек. Сондай-ақ бірінші кезекте әр баланың қауіпсіздігі мен құқығына назар аударылуға тиіс. Түркістан өңірінде 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші – 99%-ға жетті. Ел көлемінде жоғары деңгейге көтеріліп, жоспар толық орындалды. Облыста 1438 мектепке дейінгі ұйым қызмет атқаруда. Оның 266-ы мемлекеттік, 1127-і жекеменшік, 2 арнайы мектеп-балабақша, 43 мектеп жанындағы шағын орталық және 1 балабақша бастауыш мектеп бар. 500-ден астам консультациялық пункт жұмыс істейді. Бәріне белгілі, 2024 жылдан бастап ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы қолға алынды. Жалпы 6 аудан және қаладағы 800-дей балабақша аталған жүйеге көшті. Нәтижесі қуантарлық. Өйткені ваучерлік жүйе – әлеуметтік қолдау мен қызмет көрсетуді мақсатты әрі ұтымды ұйымдастырудың заманауи тәсілі. Басты артықшылықтары – әлеуметтік әділдік, таңдау еркіндігі, бәсекелестік пен сапа, мемлекеттік шығындарды тиімді пайдалану, қызмет көрсету саласын әртараптандыруға бағытталуында. Жалған мәлімет ұсыну, заңсыз қаржы иемдену, салықтан жалтару сияқты келеңсіз әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік берді. Ата-аналар мен мемлекет арасындағы өзара есеп айырысуда ашықтық пен қаржылық тәртіп орнады. Сонымен қатар кезектілік жойылуда. Жобаны енгізу жалғасып жатыр.

         Жаңа оқу жылына 48 мыңнан аса оқушыны 1-сыныпқа қабылдау жоспарланған. Бүгінде 35 мыңнан астамы egov.kz веб-порталы арқылы онлайн форматта және қағаз түрінде қабылданды. Өңір бойынша 1 мыңнан астам мемлекеттік және жекеменшік мектептер болса, 1-11 сыныптарда 568 мыңнан аса оқушы білім алуда. 7336 оқушы келісімшарт негізінде тасымалдануда. Шалғайда орналасқан елді мекендегі балаларды тасымалдау үшін жаңа автобустар сатып алынады.

       Балалар мен ұстаздарға қолайлы жағдай жасау, ауылдағы білім ұяларының инфрақұрылымын қала мектептерімен теңестіру, үш ауысымдық және апатты мектептер мәселесін шешу мақсатында облыс көлемінде құрылыс қарқыны бір елі тоқтамады. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы жеке бақылауына алып, нақты тапсырмалармен жұмыс жүргіздік. Ұстаздар қауымы үзіліс алғанымен басшылық құрам тынымсыз жұмыс істеді. Биыл «Келешек мектептер» ұлттық жобасыаясында 29 жайлы мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Былтыр 13 мектеп ел игілігіне пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 16 білім ұясы ашылады.

        Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мектептерді жаңғырту» тапсырмасына сәйкес үш жылда 115 нысанда күрделі жөндеуден өтеді. Соның 41-де биыл ретке келтірілуде. Бұдан бөлек, 59 мектеп ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрді. Жалпы облыстағы 100 мектеп ғимараты жаңарады. Ал облыстық бюджет есебінен 17 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Балалардың жазғы демалысы сәтті ұйымдастырылды. 5 мемлекеттік лагерь жөндеу көріп, осы демалыс аймақтарына қосымша модульдік ғимараттар салынды. Жыл он екі ай қызмет көрсететін «Алатау» оқу-сауықтыру орталығы қолданысқа тапсырылды. Жаз мезгілінде 43 мыңнан астам бала уақытын тиімді өткізіп, тынықты. Үлкен жетістік.

     «Біртұтас тәрбие бағдарламсасы» аясында оқу жылында шығармашылық, спорттық, әскери-патриоттық бағыттарда 83 іс-шара ұйымдастыру көзделді. Әртүрлі жарыстар, фестивальдер, байқаулар, мерекелік іс-шаралар, көрме-байқауларға өңірдегі 52 мыңнан астам оқушы қатыстырылады. Ол үшін облыстық бюджет қазынасынан 300 млн теңге қаржы қаралды.

        Қазақтың Шал ақыны: «Білімің болса-дағы ұшан-теңіз, Пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей» деген екен. Барлық адамға арналған қанатты сөз болғанымен, меніңше ұстаздардың өмірлік ұстанымына айналуы керек өсиет. Түркістан облысында мектепке дейінгі ұйымдар мен орта білім беру мекемелерінде 65 мыңнан аса педагог еңбек етуде. Соңғы 4 жылда жалақы мөлшері 2 есе өсіп, 500 мыңнан астам мұғалімге үстеме ақы төленіп отыр. Жаңа оқу жылынан бастап педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 84 мың теңгеге көбейетін болды. Ел Президенті: «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясында: «Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатсыздар. Бүгін мен еліміздегі ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін! Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады. Қазақстанның жарқын болашағы сіздердің табанды еңбектеріңізге тікелей байланысты. Шын мәнінде, мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр» деп ұстаздардың қоғамдағы орнының биік екенін тілге тиек етті. Мемлекет басшысы мектептен тыс жерде болған оқыс оқиғаларға ұстаздар емес, ата-аналар жауапты екенін айтты. Осы ретте, мұғалімдердің құқығын қорғай білген Оқу-ағарту министрлігінің іс-әрекетін құптап, дұрыс екенін атап өтті.

     Білім берудегі өзгерістің 100 көшбасшысы бағдарламасы аясында 43 резервшінің 29-ы тағайындалды. Оның 22-сі директор, 6 директор орынбасары, 1-еуі әдіскер лауазымына тағайындалды. Қалғандары босаған орындарға жайғасады.

      Былтыр «Мақсатты мектептер» саны 162 болатын. Талдау үшін KPI белгіленді. Осы мектептердегі 8 мыңға жуық мұғалім Педагогикалық шеберлік орталығында арнайы курстардан өтті. Қадам нәтижесін көрсетті. 2025-2026 оқу жылында мақсатты мектептердің саны азайып, 125-ті құрады. Енді осы бағыттағы істер жанданады. Себебі, жуырда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Түркістан облыстық филиалы ашылып, педагогтардың білімін жетілдіруге кірісті. Бұған дейін облыста жеке ғимараты бар Ұстаздар үйі болмаған. Түркі әлемінің ақыны әрі философы Жүсіп Баласағұн: «Көргеннен, білгеннен аспау, барды қанағат қылу, жоқты іздемеу –  ой мешеулігі» десе, ғалым Қаныш Сәтбаев «Біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр! Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді» деген екен. Ізденіс пен жаңашылдыққа ұмтылмаған ұрпақ та, мұғалім де, жалпы адамзаттың білім көкжиегін кеңейте алмайды. Сол себепті мемлекет білім саласы өкілдерінің үздіксіз дамуына жол салып беруде. Ұстаздар үйінде түрлі спикерлер, эксперттер келіп, біздің ұстаздармен тәжірибе алмасады. 2025 жылы 11 500 мұғалім оқу курстарына қатысады.

        Балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау – ең өзекті мәселе. Физикалық, техникалық, психологиялық, медициналық және әлеуметтік қолдау шаралары қарқыны еш бәсеңдемеді. Білім ұйымдарын бейнебақылау камералары орнатылып, турникет, күзет және дабыл батырмаларымен қамтамасыз ету толық орындалды. Жекеменшік балабақшаларды полиция департаментінің «Жедел басқару орталығына» қосу жұмыстары жалғасуда. Әрине кейбір нысандар талшықты-оптикалық байланыс желісінің тапшылығы, «IP VPN» арналарының болмауынан қосыла алмауда. Облыстық білім және цифрландыру басқармалары, Полиция департаменті және байланыс операторлары бірлесіп, үшжақты жоспарға кезең-кезеңімен қол жеткізуде.

        Оқушыларды буллинг, зорлық-зомбылық пен әлімжеттіктен қорғау және құқықтарын сақтау ісінде кешенді жұмыс талап етілген. Осы шаққа дейін білім мекемелерінде бір маманға артылған бұл жүкті бұдан былай облыстық «Психологиялық қолдау орталығы» іске асырып, айналысады. Жаңадан құрылған орталыққа 62 штат бөлінді. Мамандар балалардың психо-эмоционалдық жағдайын бақылап, көмектеседі. Мекеме ашылғалы 1300 ата-ана, 1700 педагог және 130 баламен консультация өткізді. Өңірде 1800-дей педагог-психолог болғанымен мектептердегі бала санын ескерсек, 86 кадрға қажеттілік анықталды. Мәселенің шешу тетіктері қарастырылуда.

         Облыстағы 50 колледж еңбек нарығына қажет сұранысқа ие кадрларды даярлауға басымдық беруде. Биыл техникалық және кәсіптік білім беруге 15 500 грант бөлінді. Оның 9500-нан астамы жұмысшы мамандықтарға белгіленіп отыр. Сондай-ақ агрохимия, темір жол, энергетика, лифт, ақпараттық қауіпсіздік бағыттарында 6 жаңа мамандық ашылып, лицензиясы алынды. Колледждерді жатақханамен қамту жайы назарымызда. Созақ ауданында орналасқан №1 колледжге 120 орынды жатақхана құрылысына 718 млн тг қаражат бөлінді. Келесі жылы аяқталады. Әлеуметтік серіктестермен бірге студенттерге теория мен практиканы ұштастыратын бизнес стартап жобалар жүзеге асырылуда. Дуалды оқыту негізінде 113 студент кәсіпорындарға жіберіледі. Бастаманы «Самрұқ-Қазынаның» құрамындағы «ҚазАтомПром» ұлттық компаниясымен бірлесіп атқарудамыз. Шетелдік тәжірибелерге де жүгінеміз. Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, форумдар, спартакиадалар өткізіледі.

        Жыл жаңалығы болған нәтижелі істің бірі – «Woosong University Kazakhstan» университетінің ашылуы. Түркістанда бой көтерген халықаралық жоғары оқу орнына еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ден астам талапкер ресми сайт арқылы құжат тапсырды. Нәтижесінде 241 жас жоғары оқу орны бекіткен талапқа сай деп танылды. Оның ішінде 100-і Түркістан облысы әкімдігі қарастырған білім грантына ие болды. 65 пайызын Түркістан өңірінің жастары, қалған 35%-ын республиканың әр аймағынан өтініш білдірген абитуриенттер иеленді. Бұл студенттер «Жасанды интеллект» және «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша білім алады. 2-3 курсқа жеткенде халықаралық тәжірибеден өтіп, бітіргенде қос диплом алуға мүмкіндік бар. Талапқа сай деп танылған қалған жастар ақылы негізде оқи алады. Білім беру саласында цифрландыруды меңгеру және сауатты арттыру –  уақыт талабы. Халықаралық деңгейді қамтитын әрі  жаңадан құрылған университет – біз үшін үлкен жетістік.

    2024-2025 оқу жылында ордабасылық Жәнібек Әбілхан Ұлттық бірыңғай тестілеуде 140 балл жинап, рекорд орнатып, қуантқан еді. Биылғы оқу жылында да түлектерімізден жоғары деңгей күтеміз.

      Қорыта айтқанда, білім беру саласы – тек экономикалық ілгерілеудің ғана емес, қоғамның мәдени және рухани іргетасының негізгі тірегі. Ұрпаққа білім беру – елге қызмет етудің ең абзал жолы. Мемлекеттік қолдау мен өңірде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар, жұмсалған күш пен қаражат – ұрпақ болашағына салынған инвестиция. «Оқыған ел озады» демекші ел тұтқасын ұстайтын азаматтарымыз көп болсын!

 Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ,

Түркістан облысы әкімінің орынбасары

Басқа жаңалықтар

Back to top button