Жаңалықтар

Ұлытау облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сауда қызметін реттеу мәселелеріне арналған брифинг өтті.

Шара барысында облыстық Департамент басшысының орынбасары Ж.А. Даулетбаев атқарылып жатқан жұмыстар мен заңнамалық талаптарды түсіндірді.

Спикердің айтуынша, Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» заңы сауда субъектілеріне сапалы әрі қауіпсіз тауар ұсыну, тұтынушыға толық әрі дұрыс ақпарат беру, бағаларды теңгемен көрсету және фискалды бақылау-кассалық машиналарды пайдалану сияқты бірқатар міндеттер жүктейді.

Ішкі сауда саласындағы негізгі талаптар:

• Сауда субъектілері тұтынушыға сапасы талапқа сай, қауіпсіз тауар ұсынуы тиіс;

• Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті бөлшек сауда бағаларын сақтау міндетті;

• Қазақстанда өндірілген тауарларды сауда нүктелерінде көрнекі жерге қоюға басымдық беріледі;

• Бағалар міндетті түрде теңгемен көрсетілуі қажет;

• Тұтынушыға тауардың шығу тегі, сапасы, сақтау шарттары және өндіруші туралы толық ақпарат берілуі тиіс.

Атқарылған жұмыстар мен нәтижелер:

• Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін негізсіз арттырған 158 кәсіпкер ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылды.

• Бағаларды теңгемен көрсетпеген 23 жеке кәсіпкерге 601 776 теңге көлемінде айыппұл салынды (ҚР ӘҚБтК 193-4-бабы).

• 2025 жылдың басынан бері техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін 44 тауар анықталды.

• Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің шешімімен 3 кәсіпкерге 157 280 теңге айыппұл салынып, сәйкес келмейтін 5 декларацияның күші тоқтатылды.

Сонымен қатар, «Сапалы өнім» қоғамдық қозғалысы аясында мониторинг жұмыстары жалғасуда. Қоғамдық бірлестік өкілдері дүкендер мен базарларға тұрақты түрде бақылау жүргізіп, жарамдылық мерзімі өткен немесе құрамында заң талаптарына сай келмейтін өнімдерді анықтауда.

Ж.А. Даулетбаев атап өткендей:

– Біздің басты мақсатымыз – тұтынушыларды сапасыз әрі қауіпті тауарлардан қорғау, отандық өндірушілерді қолдау және нарықта адал бәсекелестікті дамыту. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

👉 Брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button