«Жасыл ел» XXI еңбек маусымын аяқтады: жастардың өңір экономикасына қосқан үлесі

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентіндегі балалар музыка мектебінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXI еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті.
Жаз бойы бағдарлама жауынгерлері қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру және туған өлкені көркейту бағытында ауқымды жұмыс атқарды. Жастар республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына және Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған түрлі шараларға белсене қатысып, еңбекке деген ынта-жігері мен шығармашылығын, жоғары жауапкершілігін көрсетті.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жастардың мемлекеттік бастамаларды іске асырудағы рөлі мен экологиялық тәрбиенің маңыздылығына тоқталды:
«Басты мақсатымыз – экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында „Жасыл елдің“ маңызы ерекше. Жастар „Таза Қазақстан“ бағдарламасын жүзеге асыруда басты қозғаушы күш екенін дәлелдеді», – деді ол.
Маусым қорытындысы бойынша алты номинация бойынша жеңімпаздар анықталды:
• Үздік штаб
• Үздік жасақ
• Үздік аудан
• Үздік қала
• Үздік жұмыс беруші
• Үздік акция
Салтанатты шара жазғы маусымның қорытындысын шығарып қана қоймай, «Жасыл ел» қозғалысының дамуына үлес қосқан жастардың, тәлімгерлер мен әлеуметтік серіктестердің еңбегін мойындау алаңына айналды.
Осылайша, XXI еңбек маусымы тағы да шығысқазақстандық жастардың белсенді, бастамашыл және айналасына бейжай қарамайтын күш екенін көрсетті. Олар өңірдің тазалығы мен өркендеуіне өз үлестерін қосуға әрқашан дайын.