Цифрландыру іс жүзінде: ШҚО-да туристерді QR-код арқылы есепке алу жүйесі енгізілді

Шығыс Қазақстан облысында Төтенше жағдайлар департаменті (ШҚО ТЖД) Цифрландыру басқармасымен бірлесіп, туристерді QR-код арқылы есепке алу жүйесін сәтті іске асыруда. Бұл бастама туристік бағыттар бойынша қауіпсіздікті арттыру мен бақылауды жақсартуға бағытталған.
Қазіргі таңда жүйеде 35 туристік топ тіркелген, бұл шамамен 175 адамды құрайды. Жүйе бірыңғай дерекқор құруға мүмкіндік береді, онда кезекші қызметкер әрбір туристік топтың қозғалысын — тіркелген сәтінен бастап аман-есен оралуына дейін — нақты уақыт режимінде қадағалай алады.
Жүйенің негізгі артықшылықтары:
QR-код арқылы ыңғайлы және жедел тіркелу;
Тұрақты мониторинг арқылы қауіпсіздіктің артуы;
Бағыттар бойынша статистика жинақтау және талдау мүмкіндігі;
Қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде қолдау көрсету.
QR-кодтар өз тиімділігін дәлелдеді, ал жүйенің өзі сенімділігі мен нәтижелілігін көрсетіп отыр. Бұл — азаматтық қорғау мен туризм саласындағы цифрлық трансформацияның сәтті үлгісі.
2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Шығыс Қазақстан облысы бұл қағидаларды іс жүзінде жүзеге асырып, заманауи шешімдерді енгізу арқылы «Цифрлық Қазақстан» стратегиясына сай жұмыс жүргізуде және уақыт талабы мен сын-қатерлеріне жауап беруде.