Өскеменде Ұлттық ұлан сарбазы таңғы бағдарлама жүргізеді

Өскемен қаласындағы Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген Әділ Құттыбаев шығармашылық қабілетін әскери өмірмен ұштастырып келеді. Құқықтық тәртіп әскеріне шақырылмас бұрын Әділ өңірлік «Жетісу» телеарнасында журналист болып қызмет атқарып, бірнеше бағдарламаны тізгіндеген.
— Ұлттық ұлан сапында жүргенімде жауынгерлік рухым артып, физикалық қабілетімді жетілдірдім. Әскери бөлімнің мерзімді әскери қызметшілері қала тыныштығын күзетуде ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетуде. Жыл басынан бері ұландықтар 120-дан астам қоғамдық тәртіп бұзушылықтың алдын алып, 50-ге жуық құқықбұзушыны полицияға тапсырды. Бұл нәтижелерге менің де қосқан үлесімнің бар екенін сезіну — зор қуаныш, — дейді мерзімді әскери қызметші Әділ Құттыбаев.
Жауынгер бос уақытында да кәсіби мамандығын ұмытпай, журналистік қызметін жалғастыруда. Қазір ол Өскемендегі «ALTAI» аймақтық телеарнасында өтетін «Алтай таңы» атты таңғы бағдарламаның жүргізушісі.
— Бүгінге дейін «Алтай таңы» бағдарламасының тоғыз шығарылымында жүргізуші болдым. Тікелей эфир барысында өскемендік әріптестеріммен тез тіл табысып кеттік. Бұл мен үшін тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен бірге әскерде жүріп шығармашылықты жалғастырудың тамаша мүмкіндігі болды. Осындай қолдау көрсеткен әскери бөлім басшылығына шексіз алғыс айтамын, — дейді Әділ Құттыбаев.
Қатардағы жауынгер алдағы уақытта әскери тақырыптағы жобалармен айналысып, мерзімді қызметін аяқтаған соң әскери журналистика саласында бағын сынауды жоспарлап отыр.
“Шығыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



