Жаңалықтар

Парижде ЭЫДҰ алаңында Қазақстан мен Франция мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Бүгін Париж қаласында (Франция) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Жұмыс тобының үшінші отырысы аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай ЭЫДҰ-ның Мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі директоры Эльза Пиличовскимен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстанда мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен есептілігін нығайту, парасаттылық мәдениетін дамыту және мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттыру бағытында кешенді шараларды жүзеге асырып жатқаны айтылды.

Агенттік төрағасы Қазақстандағы мемлекеттік басқару реформалары Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттарына сүйенетінін атап өтті.

Тараптар серіктестіктің алдағы жоспарларын, атап айтқанда Қазақстанның ЭЫДҰ Кеңесінің Қоғамдық парасаттылық және тәжірибе алмасуды кеңейту жөніндегі ұсынымы айналасында бірқатар мәселелер талқылады.

Сонымен қатар, Парижде Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай мен Француз Ұлттық мемлекеттік қызмет институты (INSP) директоры Маривон Ле Бринонен мемлекеттік қызмет, басқарушылық кадрларды даярлау және ғылыми-зерттеу қызметі саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ниет декларациясына қол қойды.

Декларация ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Француз Ұлттық мемлекеттік қызмет институтының мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметшілердің құзыреттерін арттыру және мемлекеттік саясат саласында заманауи тәсілдерді енгізуді, әріптестік пен тәжірибе алмасуды көздейді.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына:

• Мемлекеттік саясат саласындағы мемлекеттік қызметшілер мен мамандардың оқу бағдарламалары және құзыреттерін дамыту;

• Бірлескен зерттеу жобалары, сондай-ақ форумдар, симпозиумдар, конференциялар және сараптамалық кездесулер сияқты ғылыми және сараптамалық іс-шараларды өткізу;

• Озық тәжірибе мен біліктілікті арттыру бағдарламаларымен алмасу, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге арналған тағылымдамалар кіреді.

Дархан Жазықбай Декларацияның әріптестікті нығайтудағы маңызын атап өтіп, «Қазақстан Президентінің ұстанымы – адамға бағдарланған және сервистік мемлекеттік қызметті қалыптастыру.

Осы бағытта біз халықаралық ынтымақтастықты, оның ішінде француз әріптестерімізбен диалогты кеңейтіп келеміз. Біздің мақсатымыз – нақты нәтижесін беретін әрі мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға көмектесетін шешімдер енгізу», – деді.

Қол қойылған құжат мемлекеттік қызмет саласындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайта отырып, білім, әдіснама және үздік тәжірибе алмасудың жаңа мүмкіндіктерін ашады деп күтілуде.

Анықтама үшін:

Француз Ұлттық мемлекеттік қызмет институты (INSP) – бұған дейін ENA (Ұлттық әкімшілік мектебі) ретінде белгілі болған, Францияның жоғары деңгейдегі менеджерлері мен мемлекеттік қызметшілерін даярлау және олардың кәсіби дамуын қамтамасыз ететін жетекші оқыту әрі ғылыми-зерттеу мекемесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button