Жаңалықтар

Экономикалық даму және цифрландыру: Ұлытау облысында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер талқыланды

Ұлытау облысында әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету және өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру мақсатында облыс әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен аппарат жиыны өткізілді. Күн тәртібінде 9 айдағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, электр энергетикасы саласын дамыту және цифрландыру мәселелері жан-жақты қаралды.

Жиында облыс басшысы негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалғанын атап өтті, алайда кейбір салаларда төмендеу тенденциялары орын алғанын айтты. Әсіресе өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы бағыттарында көрсеткіштерді арттыру үшін нақты және жүйелі шаралар қабылдау қажеттігі қойылды. Сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау бойынша жұмыстарды жалғастыру міндеті бекітілді, соның ішінде шағын және орта бизнеске арналған мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру мәселелері қаралды.

Аппарат жиынында жауапты басшыларға қысқа мерзімді экономикалық индикаторлардың төмендеу себептерін талдап, жыл қорытындысына арналған тұрақтандыру жоспарын әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар тау-кен өндірісінен тыс жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу қажеттігі нақты және қатаң түрде белгіленді.

Облыс әкімі электр энергетикасы саласына қатысты да маңызды мәселелерге тоқталды. Оның ішінде электр желілерінің жоғары тозу деңгейін төмендету, Қаражал қаласындағы иесіз қалған желілерді коммуналдық меншікке беру, жаңартылатын энергия көздерін енгізу және цифрлық технологияларды дамыту жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды. Бұл шаралар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өндіріс пен тұрғын секторындағы қызмет сапасын жақсартуға бағытталды.

Жиын қорытындысы бойынша экономикалық және энергетикалық дамуды үйлестіру, кәсіпкерлікті қолдау және инновациялық шешімдерді енгізу бағытында нақты іс-қимыл жоспары бекітілді. Бұл шаралар Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, инвестициялық ахуалды жақсартуға және өңір экономикасының тұрақтылығын арттыруға маңызды серпін берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button