Жезқазғанда әлемдік деңгейдегі Геологиялық кластер ашылды

Ұлытау төрінде ел тарихында тұңғыш рет Орталық Азиядағы халықаралық стандарт деңгейіндегі бірегей Геологиялық кластер бой көтерді. Геологиялық кластер – жай ғана сәулет нысаны емес. Бұл – ғылыми зерттеу жүргізіп, инновациялық шешім қабылдайтын әрі халықаралық ынтымақтастық орнататын орталық. «Қазақмыс» геологиялық кластерінің ашылуы – өңір үшін де, тұтас сала үшін маңызды оқиға.
Бұл жоба геологияны цифрландыруды жеделдетіп, ғылыми зерттеу әлеуетін арттырады, жаңа жұмыс орындары ашылып, еліміздің геологиялық барлау саласын халықаралық деңгейге шығарады. Ұлытау өңірінің ғана емес, еліміздің ғылыми-инновациялық болашағын айқындайтын, озық технологиялар мен заманауи білім тоғысатын Геологиялық кластердің ресми ашылу салтанатына Сенат депутаттары Алтынбек Нухұлы, Советбек Медебаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин, Дүйсенбай Тұрғанов, Сергей Пономарев, Ерболат Сатыбалды, Николай Арсютин, Арман Қалықов пен Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева, өндіріс өкілдері қатысты.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, Ұлттық ғылым академиясының академигі Серікбек Дәукей, «Қазақмыс» корпорациясы» басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев, «Kazakhmys Barlau» бас директоры Ғалым Нұржанов жаңа нысанның лентасын қиып, сәттілік тіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Тағы бір маңызды міндет – геологиялық барлау жұмыстарын күшейту», деп геология саласын дамытудың стратегиялық маңызына ерекше тоқталған-тұғын.

«Біз ел геологиясын дәлірек, жедел әрі технологиялық тұрғыдан озық ететін инфрақұрылым ашып отырмыз. Бастапқы деректерді сақтау, зертханалық талдау, цифрлық өңдеу және мамандарды оқыту – осының барлығы бір алаңға біріктірілді. Бұл – еліміздің минералдық-шикізат базасын тұрақты дамытуға қызмет ететін жаңа деңгей», деді кластердің ашылу салтанатында «Қазақмыс» корпорациясы» басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев.
Жезқазғанда ресми түрде ашылған алғашқы Геологиялық кластер – геологиялық барлаудың негізгі үдерістерін бір алаңға тоғыстырған әлемдік деңгейдегі санаулы орталықтың бірі. Мұнда орнатылған заманауи техникалық жабдық әлемде небәрі 7 орталықта ғана бар. Ал кластердің өзі – Орталық Азия бойынша ең ауқымды әрі алғашқы нысан. Оқу орталығы мен зертханалық кешеннің бір жерде орналасуы геологиялық ақпаратты жедел алуға әрі соның нәтижесінде барлау жүргізу барысында дереу шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
«Қазақмыс» корпорациясы» жобаға 11 млрд теңге шамасында инвестиция құйды. Құрылысты мердігер ретінде отандық «Tansu Construction» компаниясы жүзеге асырды. Мұнда 200-ден астам жұмыс орны ашылды. Геологиялық кластерді басқару «Kazakhmys Barlau»-ға тапсырылды.
Кластер құрамында еліміздегі ең ірі кен сақтау қоймасы жұмыс істейді. Оның сыйымдылығы 200 мың текше метр керн сақтауға жетеді және бастапқы геологиялық деректердің ұлттық мұрағатын қалыптастырады. Бұл кез келген уақытта бастапқы деректерге оралып, жұмыс істейтін геологиялық модельдерді нақтылауға және барлау жұмысы барысында тәуекелді азайтуға мүмкіндік береді. Зертханалық блок аналитикалық зерттеу саласындағы әлемдік көшбасшы – аустралиялық ALS компаниясымен бірлесіп жасалды. Бұл геохимиялық дерек сапасының жоғары және халықаралық стандартқа сай болуына кепілдік береді.

Арнайы келген қонақтар Геологиялық кластердің атқаратын қызметімен танысты. Кластерде ұңғымалық кернді автоматты түрде сканерлеуге арналған Ancorelog (Германия) технологиясы және алынған ақпаратты өңдеу үшін жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі LithoLens бағдарламалық жасақтамасы қолданылады. Олар кернді талдау жылдамдығын бір ауысымда 60-тан 240 қума метрге дейін арттырады.
Аталған технологияларды кешенді қолдану кен орындарын геологиялық болжау модельдерін жедел құруға әрі алынатын ақпараттың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Кластердің базасында «Colorado School of Mines»-пен бірлескен заманауи геофизикалық зертхана жұмыс істейді. Ол әлемдік өндірушілердің озық құрал-жабдығымен жасақталған. Іске қосу-реттеу жұмысын, техникалық қызмет көрсетуді және сертификатталған жөндеуді «Qazaq Geophysics» мамандары жүзеге асырады. Зертхана елдің ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту үшін құрылған. Мұнда геофизика, аспап жасау әрі роботтехника салаларының білікті мамандары даярланады.
Алқалы жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазақмыс» корпорациясы» өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Осы құжат аясында Ұлытау облысында жаңа инновациялық жоғары оқу орны – Ұлытау университеті құрылмақ. Меморандумға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев қол қойды. Университеттің инфрақұрылымына оқу корпусы, 140-150 орындық жатақхана, спорт кешені және заманауи R&D-орталық кіреді. Мұнда жаңа технологиялар әзірленіп, пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеудің тиімділігін арттыруға бағытталған ғылыми зерттеулер мен жобалар жүзеге асырылады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі білім беру бағдарламаларын іске қосу кезінде әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетеді. «Қазақмыс» оқу бағдарламаларын қаржыландыруды, ұйымдастыруды және қажет болған жағдайда мемлекеттік грант тарту арқылы бірлесіп қаржыландыруды өз мойнына алады.
«Жезқазғанда біз геология мен инженерлік білім беруді дамыту жолында маңызды қадам жасадық – университетті, бизнес пен халықаралық серіктестерді біртұтас экожүйеге біріктірген Геологиялық кластерді іске қостық. Бұл жай ғана жаңа кампус емес, бұл кадр даярлаудың жаңа тәсілі», деді министр Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар кластердің диспетчерлік орталығы – «Kazakhmys Barlau» ЖШС-ның геологиялық барлау жұмысын басқарудың біртұтас нүктесі. Мұнда көлік, бұрғылау қондырғылары мен барлық аналитика нақты уақыт режімінде бақыланады. Бұдан бөлек, кластер құрамына оқу-әдістемелік блок кіреді. Ол мамандарды даярлау және қайта даярлауға арналған әрі болашақта құрылатын Ұлытау университетінің бағдарламаларымен интеграцияланады. Бұл университеттің түлектері бірден үш диплом: университеттің өз дипломы, Satbayev University және әлемдегі алғашқы Colorado School of Mines филиалының дипломын алады. Бұл жоба тек білім мен экономиканы ғана емес, өңірдің болмысын да өзгертеді. Кластер аумағында музей бар.
Геологиялық кластер Жезқазғанның ғылыми-өндірістік әлеуетін нығайтады. Жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіби өсу мүмкіндігін кеңейтеді әрі аймақтың ғылыми-техникалық базасын күшейтеді. Жоба Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасын жалғастырып, Қазақстанның заманауи геологиялық мектебінің дамуына үлес қосады.

«Бес жыл бойы біз ғылымды, білім мен өндірісті біріктіретін жоғары технологиялық хаб құрумен айналыстық. Жобамыз әлемнің жетекші геологиялық орталықтарының тәжірибесіне негізделген және саланың халықаралық көшбасшыларымен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылып жатыр. Құрылған кластер барлаудың заманауи әдістерін енгізуге, жаңа құзыреттерді дамытуға және еліміздің геология саласының болашағын айқындайтын кәсіби орта қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді «Kazakhmys Barlau» бас директоры Ғалым Нұржанов.
Кластердің ашылуының екінші бөлігі мәжіліс залында жалғасты. Геологиялық кластердің идеясы, миссиясы және мақсаттары туралы бейне ролик көрсетілді.
«Ұлытау – қазақ геологиясының қара шаңырағы. Әсіресе Жезқазғанның әлемдік деңгейдегі «мыс алыбы» атануына академик Қаныш Сәтбаев өлшеусіз үлес қосты. Ұлы ғалым кең байтақ өңірдің жер қойнауын зерттеп, әлемдік геология ғылымына тың серпіліс әкелді, Бүгін біз қолданысқа беріп отырған жаңа кластер – ұлы ғалымның аманатындай. Қаныш Сәтбаев негізін қалаған ғылыми мектепті жаңа технологиялық деңгейге көтеретін орталық болмақ», деді Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.
Сенат депутаты, «Қ.И.Сәтбаев халықаралық қоры» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нухұлы:
«Осыдан тура бір ғасыр бұрын, 1926 жылы Қазақ елінің қазыналы қазба байлығын біздерге ашып қалдырған, «Ұлытау атырабын жан-жақты өркендету – менің өмірлік арманым!» – деген ғұлама Қаныш Сәтбаев болғандығын барлығымыз да білеміз. Сол арманның жалғасы ретінде «Қазақмыс» корпорациясы» геологиялық барлау саласындағы цифрлық инфрақұрылымды салуы және Жасанды интеллект дәуірінде заманға сай геологиялық кластердің ашылуы, Ұлытау техникалық университетінің ғимаратын тұрғыза бастауы – стратегиялық тұрғыдан мемлекет үшін осы саладағы зор іс-шара. Жезқазғандағы геологиялық кластер – заманауи зертханалар, инновациялық шешімдер тоғысқан бірегей орталық. Жаңа жұмыс орындарын ашып жатқан Геологиялық кластер – Жезқазған топырағына зор еңбек сіңірген, Қаныш Сәтбаевтың нағыз шәкірті, академик Шахмардан Есенов кезіндегі «Геологияның алтын ғасырын» қайта түлететін кешен болсын!» деген пікір білдірді.



