Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда «Құқықтық қамқорлық» әлеуметтік акциясы өтті

«Халықтың қартын сыйлауы – елінің салтын сыйлауы» деген ұранмен ШҚО-да әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге бағытталған «Құқықтық қамқорлық» акциясы өтті.

 

Қоғам үшін қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі – интернет-алаяқтық. Облыс бойынша олардың саны жыл басынан бері 62%-ға өсіп, 867-ден 1405 фактіге дейін жетті, соның ішінде жәбірленушілердің үштен бірі – жасы 60-тан асқан адамдар.

 

Осыған байланысты Өңірлік жобалық кеңсе бірінші кезекте арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында, сондай-ақ зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға арналған жеке мекемелерде тұратын қарттарға арнап акция өткізу туралы шешім қабылдады.

 

Іс-шараға прокуратура органдарының қызметкерлері, полиция органдарының «Киберпол» бөлімшелері, әлеуметтік қорғау органдарының өкілдері және нотариустар қатысты.

 

Қарт адамдар мен мүгедектігі бар азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсетіліп, барлық қызықтырған сұрақтарына жан-жақты жауаптар берілді. Қарапайым әрі түсінікті түрде ең көп таралған алаяқтық схемалары және олардан қорғанудың тиімді жолдары түсіндірілді. Жекелеген мәселелер бойынша жазбаша өтініштер қабылданып, жұмыс барысына алынды.

 

Акция облыс бойынша 15 мекемені қамтыды, 1300-ден астам адамға құқықтық көмек көрсетілді.

 

Іс-шара жылы, қамқорлыққа толы атмосферада өтті. Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтар көрсетілген назар мен қатысу үшін прокуратура, полиция, әлеуметтік қорғау және әділет органдарына алғыстарын білдірді. Сондай-ақ оларға ескерту сипатындағы көрнекі ақпарат пен құқық қорғау органдарының байланыс деректері көрсетілген жадынама парақшалар мен ақпараттық буклеттер табысталды.

 

Аталған акция заң, тәртіп және әділеттік қағидаттарын нығайтуға қосылған кезекті үлес болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button