Жаңалықтар

5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлер күніне орай Ұлытау облысында волонтерлер марапатталды

5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлер күніне орай «Esbol Qory» облыстық фронт-офисінің белсенді волонтерлері Ұлытау облысы Полиция департаменті бастығының атынан алғыс хаттармен марапатталды. Марапаттарды Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Оспанов табыстап, волонтерлердің есірткіге қарсы күрестегі үлесін ерекше атап өтті.

 

«2025 – Профилактика жылы» аясында Ұлытау облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Жастарды есірткіден алыстату, тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмыстарын кеңейту басты назарда.

 

Жыл басынан бері облыс аумағында 938 антинаркотикалық іс-шара өткізілді, оған 36 мыңнан астам адам қатысты. Волонтерлермен бірлесіп 17 рейдтік акция ұйымдастырылып, тыйым салынған мазмұндағы шамамен 235 граффити-жазба жойылды. Жалпы 500-ге жуық жас волонтер профилактикалық бастамаларға тартылған.

 

«Esbol Qory» Ұлытау облыстық фронт-офисінің жетекшісі Дарын Төлеубай мұндай бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті.

«Біздің мақсат – жастарды есірткіден алшақ, саналы таңдау жасауға ынталандыру. Полиция департаментімен бірлесе атқарылып жатқан жұмыс – ортақ мүдде жолындағы нәтижелі қадам. Әрбір рейд, әр жойылған жазба – болашаққа жасалған үлес. Біз салауатты ұрпақ қалыптастыру үшін аянбай еңбек етеміз», – деді ол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button