Жаңалықтар

Дәстүр мен заманауи үндестігі: Астанада «Ұлы дала шеберлерінің керуені» республикалық жәрмеңкесі өтуде

Астанадағы Astana Mall сауда-ойын-сауық орталығында республикалық «Ұлы дала шеберлерінің керуені» жәрмеңкесі бастау алды. Іс-шара Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылды.

Жәрмеңкенің басты мақсаты – еліміздің түкпір-түкпірінен келген қолөнер шеберлерін бір алаңға жинап, олардың еңбегін көпшілікке таныстыру, ұлттық өнерді дәріптеу және отандық өнімді қолдау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңке қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық нақыштағы ерекше мәдени орта сыйлауды көздейді.

Отандық өнімдерді дамыту қауымдастығы «Хас Шебер» РҚ президенті Зиуар Жұманованың сөзінше, жәрмеңкеде ұсынылған тауарлардың бағасы көпшілікке қолжетімді. Сонымен қатар іс-шара аясында ерекше қажеттіліктері бар балалардың қатысуымен сән көрсетілімі ұйымдастырылып, олардың қоғамға бейімделуіне қолдау көрсетіледі. Жәрмеңке үш күн бойы өтеді.

Ауқымды шараға Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстарынан және өзге де өңірлерден шамамен 100-ге жуық қолөнер шебері қатысуда. Мұнда келушілер авторлық ойыншықтар, ұлттық әшекей бұйымдар, сәндік аксессуарлар мен дәстүрлі нақыштағы қолдан жасалған түрлі өнімдерді тамашалап, сатып ала алады.

Көкшетаудан келген қатысушылардың бірі Жібек Сұлтанова қолөнермен бес жылдан бері айналысып келеді. Оның айтуынша, бұл кәсіп алғашында пандемия кезінде хобби ретінде басталып, бүгінде тұрақты жұмысқа айналған.

— Қазақы ою-өрнекпен тюрбандар тігемін, қалыңдық жолдастарына арналған әшекейлер жасаймын. Бұл істі шын жүрегіммен жақсы көремін. Өнімдерімді әлеуметтік желілер мен осындай жәрмеңкелер арқылы сатамын, — дейді шебер.

Жәрмеңке күн сайын сағат 9:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Кіру — тегін. Келушілер елдің түкпір-түкпірінен жиналған шеберлердің бірегей қолөнер туындыларымен танысып, ұлттық өнердің жаңғыруына куә бола алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button