Инклюзивті білім беру: бірлескен тәжірибе, ашық көзқарас, жаңа мүмкіндіктер

Бүгін Астана қаласында инклюзивті білім беруді дамыту мәселелеріне арналған «Инклюзивті білім беру: бірлескен тәжірибе, ашық көзқарас, жаңа мүмкіндіктер» атты педагогтар мен арнайы мамандарға арналған республикалық практикалық конференция өтті. Іс-шара Астана қаласының Білім басқармасының, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталық» МКҚК-ның және №32 мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен өткізілді.
Конференцияның басты мақсаты — инклюзивті білім беру кеңістігінде педагогтардың кәсіби тәжірибесін кеңінен тарату, сала мамандарының өзара іс-қимылын күшейту, сондай-ақ «шекарасыз мектеп» қағидаты аясында барлық балаларға, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға тең мүмкіндік беретін қолжетімді әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру.
Іс-шара барысында инклюзивті білім берудің заманауи тәсілдері, педагогикалық қолдау жүйелері, арнайы білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту мен әлеуметтендірудің тиімді модельдері кеңінен талқыланды. Қатысушылар білім беру ұйымдарында инклюзивті мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына, мұғалімдердің кәсіби даярлығын арттыруға және ата-аналармен серіктестік орнатуға ерекше назар аударды.
Конференция аясында панельдік сессия төрт секциялық бағыт бойынша жұмыс жүргізді. Атап айтқанда:
-
«Инклюзивті білім: стратегия және әдіснамалық бағыттар» секциясында білім беру саясатының өзекті мәселелері мен даму бағыттары талқыланды;
-
«Инклюзивті мәдениет: эмоция, құндылық және шабыт арқылы адамгершілікке жол» секциясында мектеп қауымдастығында қабылдау, қолдау және өзара түсіністік құндылықтарын қалыптастыру жолдары қарастырылды;
-
«Инклюзивті практика: шеберлік, әдіс және цифрлық тәсілдер» секциясында практикалық кейстер, инновациялық оқыту әдістері мен цифрлық құралдарды қолдану тәжірибелері ұсынылды.
Секциялық жұмыстарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының мамандары, тәжірибелі педагогтар, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен әдіскерлері қатысты. Спикерлер өз баяндамаларында инклюзивті білім беруді енгізудегі нақты тәжірибелермен бөлісіп, саладағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын ортаға салды.
Сонымен қатар конференцияға еліміздің түрлі өңірлерінен педагогтар мен мамандар онлайн форматта қосылып, пікір алмасып, кәсіби тәжірибелерін бөлісу мүмкіндігіне ие болды. Бұл формат іс-шараның ауқымын кеңейтіп, инклюзивті білім беру саласындағы үздік тәжірибелерді республикалық деңгейде таратуға мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай конференциялар инклюзивті білім беруді дамытуға серпін беріп, педагогтар мен мамандардың кәсіби қауымдастығын нығайтуға, сондай-ақ әрбір баланың сапалы білім алуға деген құқығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды алаң болып табылады.


