Жаңалықтар

Ұлытау облысында Жезқазған–Қызылорда автожолын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған–Қызылорда бағытындағы республикалық маңызы бар автожолда жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді. Бұл жол жобасы өңір экономикасының дамуына, транспорттық логистикасын жақсартуға және инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық шара болып отыр.

Бүгінде облыс аумағына тиесілі 208 шақырым жолды биіктету, жаңа су өткізу құбырларын орнату, жол шеттерін күшейту және қауіпсіздік тетіктерін енгізу жұмыстары толық аяқталған. Құрылыс алаңында 50 шақырымға жаңа асфальт төселіп, жолды сапалы әрі ұзақ мерзімді пайдалануға мүмкіндік беретін жұмыстар жүргізілуде. Жобаның жүзеге асырылуы өңірдің транспорттық инфрақұрылымын жаңғыртуға, тауар айналымын жеңілдетуге, логистикалық шығындарды азайтуға және ірі өндірістік кәсіпорындар үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.

Жұмыс сапары барысында облыс басшысы мердігер компаниялармен кеңес өткізіп, құрылыс сапасын бақылау, белгіленген мерзімдерде жұмыстарды аяқтау, сондай-ақ техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қатаң қадағалау бойынша нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, жол құрылысында қолданылып жатқан барлық техниканы Ұлытау облысында тіркеу, жыл соңына дейін салық төлеу міндеттерін орындау мәселелері ерекше назарға алынды. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін тарту тек нақты қажет болған жағдайда және жоғары білікті мамандар үшін ғана жүзеге асырылуы керек екені ескертілді.

Облыс әкімі жол инфрақұрылымын дамыту жобасының өңір экономикасына тікелей әсерін атап өтті. «Барлық азамат үшін еңбек жағдайы тең болуы тиіс», – деді Дастан Рыспеков. Жұмыстардың сапалы орындалуы нәтижесінде аймақта жаңа жұмыс орындары ашылады, бұл тұрғындардың табысын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жол жөндеу жұмыстарының арқасында өңірге инвестиция тарту оңтайлы болады, ірі және шағын кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалады.

Сонымен қатар, облыс әкімі «Қазавтожол» АҚ-на Ұлытау облысына кіреберіс жол бойына стелланы келесі жылдың сәуір айына дейін орнату бойынша нақты тапсырма берді. Бұл шара жол қауіпсіздігін арттыруға, жол бойындағы нысандарды айқын көрсетуге және туристік, транзиттік ағымдарды реттеуге ықпал етеді.

Облыс әкімдігі жол инфрақұрылымын жаңғыртуды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін басым бағыттардың бірі деп санайды. Жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауда, барлық кезеңдері бойынша есеп беру жүйесі енгізілген. Бұл инфрақұрылымдық жобалар Ұлытау облысының транспорттық желісін жаңартып қана қоймай, кәсіпкерлік, экспорттық және логистикалық жобаларды дамытуға, сондай-ақ облыстың жалпы инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button