Ауыл шаруашылығын дамыту: Ұлытау облысында 700 миллион теңгеге 100-ден астам жобаны қаржыландыру жұмыстары жүзеге асырылды

Ұлытау облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында ауқымды инвестициялық жұмыс жүргізілуде. Облыс құрылғалы бері ауыл шаруашылығына жалпы 8,5 млрд теңге инвестиция тартылып, биылғы жылы ғана оның 2,5 млрд теңгесі жұмсалды. Бұл қаражат өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуге, жаңа технологияларды енгізуге және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
2025 жылы облыста 100-ден астам инвестициялық жоба іске асырылуда. Соның ішінде, Ұлытау ауданында 400 гектар алқапта суармалы дақылдар мен көкөністер егіліп, өнімділік арттырылуда. Жезқазған қаласында 5 000 бастан асатын қой шаруашылығы фермасы құрылып, мал шаруашылығы саласының дамуына серпін берілді. Сонымен қатар, Жезқазған қаласында 500 гектар аумақта мал азығын егу жобасы іске асырылуда, бұл жерде заманауи суару жүйелері қолданылуда. Жаңаарқа ауданында да мал азығын егу бойынша екі жоба бастау алды: 367 гектар алқапқа суару құрылғылары орнатылды, мал азығы егіліп, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға мүмкіндік жасалды.
Сонымен қатар, Жаңаарқа ауданында 12 900 басқа арналған қой отбасылық фермасы және 7 800 бас ірі қара мал отбасылық фермалары құрылуда. Бұл жобалар өңірдің мал шаруашылығы саласындағы әлеуетін арттыруға, қосымша жұмыс орындарын ашуға және жергілікті тұрғындардың табысын көбейтуге ықпал етеді.
Қазіргі таңда облыс әлеуметтік азық-түлік тауарларының төрт түрі бойынша өз қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр: сиыр еті, бірінші сортты бидай ұны, бидай нан және жұмыртқа. Инвестициялық жобалардың нәтижесінде тауық жұмыртқасымен қамтамасыз ету деңгейі 0-ден 40%-ға дейін артты. Келесі жылы жоспар бойынша қосымша тауық еті және картоппен ішінара қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілмек.
Айта кету керек, 2022 жылы облыста суармалы құрылғылар қолданылатын егістік алқаптар болмаған. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 1,7 мың гектарға жеткен, ал 2026 жылы 2,5 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, өткен жылы Жезқазған қаласында жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы, Жаңаарқа ауданында мал шаруашылығы кешені мен мал сою цехы іске қосылды.
Барлық бұл іс-шаралар Ұлытау облысында ауыл шаруашылығы өндірісінің сапасын арттыруға, өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтуге, жастар мен кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Инвестициялар мен жобалардың іске асуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беріп, ауылдық жерлердің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.


