Жаңалықтар

2028 жылға дейін Ұлытау облысында 25 инвестициялық жобалар пулы қалыптасады: жаңа жұмыс орындары мен экономикалық дамудың жаңа кезеңі

Биылғы жылы Ұлытау облысында жалпы сомасы 138 млрд теңгені құрайтын 17 ірі инвестициялық жоба бастау алды. Атап айтқанда, мұнай базасының құрылысы, жел электр станциясының құрылысы және респиратор шығару зауытының құрылыс жұмыстары сәтті аяқталды. Бұл жобалар өңір экономикасының негізгі салаларына айтарлықтай серпін беріп, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашты.

2028 жылға дейін облыста жалпы құны 920 млрд теңгені құрайтын 25 инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылып, оның нәтижесінде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуы жоспарланып отыр. Бұл жоспарланған жобалар экономиканы әртараптандыруға, өндіріс салаларын дамытуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық қадам болып табылады.

Сонымен қатар, экономиканы әртараптандыруды жеделдету мақсатында Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құрылды. Аталған аймақ аясында жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын 3 жоба пысықталып жатыр, олардың іске асырылуы нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда инфрақұрылым тарту жұмыстары басталып, келесі жылы толық аяқталуы жоспарланған. Бұл жобалар шағын және орта өндірістер белдеуін қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын құруға, сауда-көлік байланысын нығайтуға және қаланың бір бағыттағы дамуына тәуелділіктен арылуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, өңірде демеушілік қаражат есебінен түрлі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Оларды жүзеге асыруға ірі өнеркәсіп компаниялары, атап айтқанда «Қазақмыс» корпорациясы, «Казцинк» өнеркәсібі, «Qarmet» АҚ және «Қазақстан халқына» мен «Болат Өтемұратов» қорлары белсенді түрде қолдау көрсетіп отыр. Осы жобалардың жалпы құны 50,3 млрд теңгені құрап, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Осы жобалар мен бастамалардың іске асырылуы Ұлытау облысының тұрақты экономикалық дамуына, инвестициялық ахуалды жақсартуға және өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға жаңа серпін береді. Жобалардың әрқайсысы өңір экономикасының әртараптануына, өндірістік қуаттарды арттыруға және болашаққа сенімді қадам жасауға бағытталған стратегиялық маңызды іс-шара болып табылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button